Жемістің кілті – еңбекте

"Қолымда жоқ, өзгелер маған не берер екен" деген жатыпішерлік оғаш қылықтан ада, еңбек десе ерінбейтін, жер ана берген несібені адалынан теріп жеген жандар көптеп кездеседі. Солардың бірі көктоғайлық Амантай Қабдол.
«Шаңырақты» шаруа қожалығын құрып өз алдына дербес ұжым болып отырған шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныспақ ниетте жолға шыққанбыз.
Ағамыз шаруа қамымен жолға шығып кеткенімен қолда бар байланыс құралы арқылы хабарласқанымызда, "жігіттер мен автокөлікке қажетті бөлшектерді алып келуге Атырауға жолға шығып кеткен едім, Құдай қаласа шамалы уақытта елге жетемін" дегесін «Атырау-Орал» тас жолының бойынан тосуға тура келді. Айтқандайын межелі уақытта шаруагердің өзі де келіп жетті. Жол бойында есендескен соң округтің аумағынан 3 км қашықтықта орналасқан Көктерек деген жерге бастап барды.

ЖЕР АНА - ЕЛДІҢ ҚҰТЫ
Әңгімеміздің әлқиссасын бастамас бұрын сәл кейінге шегініс жасасақ. Ауылдағы Боран Нысанбаев атындағы орта мектепті аяқтаған соң Қарағанды қаласындағы  дене шынықтыру және спорт  техникумына оқып, кейін әскер қатарында болған кейіпкеріміз елге келген шақта Кеңес Одағы ыдырап өз алдымызға дербес ел болған шақ болатын. Екі қолға бір күрек таппай қиындық орнаған шақ. Тепсе темір үзетін жігіт қайда жұмыс көзі көрінеді сол жерден табылады. Жайықтан балық аулап, қайткен күнде де еңбектің ауына жармасады. Уақыт өте келе отбасымен ақылдасып, жер алып, бау-бақша дақылдарын егумен айналыса бастайды. Қай істің де оңайлықпен басталмайтыны анық қой.  Жердің қасиетін терең ұғынған шаруагер Жайық  өзеніне жақын маңнан 5 гектар жер алып жұмыс ауқымын кеңейтеді.
-Соңғы уақыттарда байқауымша біреу бірдеңе бермесе іс бастағысы келмейтін керітартпа мінезді адамдар көбейіп келеді. Алдымен қандай іске икемі бар екенін бағамдап барып ойлаған іске қадам басу керек. Алғашқыда 5 гектар жер алып бастаған жұмысымның ауқымын кеңейтіп осы Көктерек учаскесінен 5 жылға 250 гектар жер алып, 50 гектарына бау-бақша дақылдарын отырғызып бастадым. Биылғы көктемнің жағдайын өздеріңіз білесіздер жаңбырлы әрі салқын болды ғой әрі табиғи зиянкес те пайда. "Апырмай егілген тұқым шықпай қала ма" деген үрей де пайда болды. Дегенмен, "көз қорқақ, қол батыр" демекші, үмітімізді үзбей істі бастап кеттік,-дейді шаруагер күнге бақша алаңына көз тастап.
Әсіресе биылғы жылы жуаны көбірек отырғызуға ден қойса, қарбыз, қызанақ, қияр, баклажан секілді, т.б. бау-бақша дақылдарын көбірек отырғызған. Шаруашылықтың өнімін Атырау қаласы мен қатар көршілес Жаңаөзен, Ақтау қалаларына ауыр жүк көліктерімен тасымалдап алып кеткен көрінеді. Яғни жұмыстанған адамға табыстың молдау болар түрі бар. Жылдағыға қарағанда биылғы жылы топырақтағы ылғалдың мол болуы әсерінен өнім де бітік шығып отыр. Ендігі жерде тегіс шыққан жемісті ысырап  етіп алмай, суыққа ұрындырмай жедел жинап алу қажеттігі де бесенеден белгілі. Шаруагер жұмысты ойдағыдай аяқтау үшін ауылдастарын қатарға тартқан екен. Десек те олардың бірқатары облыс орталығынан келген жұмыссыз азаматтар. Олардың еңбекақысы мен өнімнің қажетіне жаратулары да басты назарда.
Олардың арасында көктоғайлық Ләззат Қағазғалиева да бар. Үш жылдан бері осы жерде еңбек етіп жүрген жұмысшыны сөзге тартқан едік.
-Өзім үш жылдан бері осы жерде жұмыс істеймін. Жалақымыз тұрақты. Ешқандай кідіріс жоқ. Қажет жерінде бау-бақша өнімдерін алып тұрамыз.  Маусымдық жұмыс болса да қажетімізді тауып отырмыз. Өзімнен басқа жиырмаға жуық адам еңбек етіп отыр,-дейді қызанақты қолмен теріп жатып.

ҚАЗАҚ ЕРІНШЕК ХАЛЫҚ ЕМЕС
Осынау сөз кейіпкерімізді қатты толғандыратынын әңгіме барысында айқын аңғара түстік.
-Кейде осынау сөзді естігенде кәдімгідей ойланып қалам. Шынтуайтына келгенде, бұл бос сөз. Себебі, төрт түлік малдың сырын біліп өскен, оны өсіруде жанкешті еңбек еткен қазақтың еріншек болуы мүмкін емес. Қолымыздан бәрі келеді. Тек қолдау болғаны жөн. Ішінара болатын шығар, бірақ бәрі бірдей емес қой. Мені қинайтыны жершілдікке бөлінуіміз. Көршілес облыстан азаматтар келіп жер сұраса немесе алып, шаруа бастап жатса "ол ана жердікі, бұл мына жердікі" деп бөлініп шыға келеді. Көке-ау бәріміз бір қазақ емеспіз бе. Бабадан қалған жер бәрімізге де жетеді ғой. Бөлінбейік, қайта бірігіп іс қылайық, бір-бірімізден үйренейік,-дейді шаруагер.
Шаруаның оңтайлы шешілуі техникаға да байланысты ғой. Осы орайда Газель, ДТ-75, Т-40 техникаларының кідіріссіз жүріп тұруы да маңызды. Қажетті бөлшектер алынып, маусымдық жұмыстарға сақадай-сай дайын етіліп келеді. Соңғы жылдары субсидия төленіп келгенімен соңғы жылдары төлем мерзімін кешіктіріп келеді. Мұның өзі шаруаның жұмысын дөңгелетуге де кері әсерін тигізетіні жасырын емес. Осы жағын іс басындағы азаматтар еске ұстаса, құба-құп болар еді.
Сусыз тіршіліктің нәрі болмасы анық қой. Іргедегі ағып жатқан Ақсай каналының бүгінгі жағдайын көргенде көңіліміз кәдімгідей пәс болып қалды. Әңгіме барысында осы каналдың да жағдайы реттеле түссе, нұр үстіне нұр болар еді-ау деген тілектің де тіл ұшында тұрғанын айқын аңғардық.
Үйде де, түзде де бірге жүрген жары Балзия Көшқалиева екеуі отбасында Дарын, Еламан, Арайлым, Кәусар, Назерке есімді ұл-қыз өсірсе, Айданадай келін жұмсап Данышпан, Ерасылдай немере сүйіп отырған жайы бар. Ұлдың үлкені Дарын қасында болып шаруаны үйлестіріп отырса Еламаны Нұр-Сұлтан қаласы мен көршілес Корея мемлекетінде арнайы оқу орындарында инженер-технолог мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда Атырау қаласында өзі құрған «Авангард» құрылыс компаниясына жетекшілік етіп, көпқатарлы тұрғын үй салу жұмыстарымен айналысады.
Міне, несібесін жер анадан тапқан шаруагердің жеткен жетістігі осы. Алда әлі талай жетістіктер күтіп отырғаны анық. Өйткені жеміс пен жеңістің кілті - еңбекте.

 

С.КӨШЕКОВ,
Көктоғай ауылы

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

biblioteka-pervogo-prezidenta-kz

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

Референдум

referendum-banner-1

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика