ЖАРСУАТТЫҚТАРДЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сай аудан әкімі халықпен байланысты одан сайын жиілетті. Әрбір жиында айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалу барысы туралы есеп береді. Осындай кездесу біздің өңірде алғаш рет әкімін халықтың өзі сайлаған Жарсуат ауылында өтті. Сауал да аз болмады. Округ әкімінің әлі де ширау керектігі мінберден естілді.
Округтердегі жиынды аудандық мәслихат хатшысы Бағдат Сапаров ашып жүргізіп, аудан әкімі Салауат Өтеғұлов алдыңғы жиындардағы тұрғындар көтерген мәселелердің орындалысы жөнінде баян етті.
Алдымен Индер-Жарсуат-Қызылжар-Құрылыс бағытында ауыларалық маршрут ұйымдастыру бойынша «Жарсуат-Индербор», «Құрылыс-Индербор», «Бөдене-Индербор» бағытындағы ауданішілік жолаушылар мен жүкті тұрақты автомобильмен тасымалдаудың бірыңғай тарифін белгілеу туралы қаулы жобасын тіркеуге Әділет министрлігіне жыл басынан бері 3 мәрте жіберілгенмен кері қайтарылған. Алғашқысында қаулы жобасына тіркелген есептемесін түсіндіруді сұраған, одан кейін барлық маршруттарға тариф бірыңғай болу керек деген, 3-ші рет жолданғанда, қалалық (ауылдық) қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдау тарифін жергілікті атқарушы органмен келісе отырып барлық маршруттар үшін бірыңғай белгіленеді деп кері қайтарыпты. Аудандық ТҮКШ, ЖК, АЖ және ТҮИ бөлімі аталған қаулы жобасын маршруттардың тарифін анықтап, есептеп, қашықтығын көрсете отырып, жергілікті қоғамдастықтың хаттамасымен және жергілікті мәслихаттың келісімімен барлық құжаттарын жалғап, тіркеуге жолдаған. Алайда Әділет министрлігі жоғарыда айтылған себептерді көрсетіп кері қайтарыпты. Ендігі кезекте қаулы жобасын тіркеуге ықпал ету үшін облыстық Жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары басқармасына хат жолданыпты. Яғни уақыттың бәрі хат жолдаумен өтіп жатыр.
Келесі мәселе Жарсуат ауылында жаңадан тұрғын үй салатын учаскелерге электр желісін тарту бойынша 2 көшеге 60 млн. 347 мың 265 теңге бөлініп, «Еділ Строй» ЖШС-гі қазан айының басында нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтауы тиіс. Ал осы ауылдағы Тәуелсіздік және Құрманғазы көшелерін жарықтандырудың сметалық құжаты жасақталып, қаражат мәселесі қарастырылуда. Жарсуат ауылындағы қоқыс алаңшасының қоршауына 6 млн.742 мың теңге бөлініп, «НЭПиК» ЖШС жеңіп алса, Құрылыстағы осындай жұмысқа 3 млн. 626 мың теңге бөлініп, мердігер мекемені анықтау үшін конкурсқа беріліпті. Сондай-ақ Жарсуат, Құрылыс ауылдарына балалар ойын алаңдарын мектеп ауласынан салуға келісім алу үшін Атырау облыстық білім беру басқармасына хат жолданып, қазіргі уақытта тиісті заңдылыққа сәйкес округ әкімі шешімінің жобасы дайындалуда. Содан соң мемлекеттік жер актісі жасақталып, тиісті жұмыстар ұйымдастырылады.
Күн тәртібінде тұрған спорт кешенінің құрылысы  аяқталып, қазіргі уақытта құрылыс барысында кеткен кейбір кемшіліктерді қалпына келтіру және спорт кешенінің алдына көлік қоятын автотұрақ орнын асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Көптен көкейде жүрген «Атырау-Индер» тас жолының бойынан ауыр жүк көліктерін жүргізбеу бойынша 3.12 «Бірлікке түсетін салмақты шектеу» 8 тонна жол белгісі орнатылған. «Атырау-Индер» жолдарындағы талапқа сай келмейтін ауыр салмақты және ірі көлемдегі жүк көліктерін қадағалау мақсатында «Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» РММ-мен тұрақты рейдтер ұйымдастырылғанымен тиімділігі болмай тұр. Округ тазалығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы трактормен қажетті қаржыға сұранысы беріліпті. Сонымен қатар ауылішілік тас жолдың жанынан арық жасақтау, суағар жасау мәселесі көтерілгенмен жауын жауған кезде судың кету бағытына орай қолмен қазылып реттелсе, өрт сөндіру көлігіне қажетті қосалқы бөлшектерін алуға қаржыға сұранысы берілген. Мал жайылымдық жердің конкурстарға шығарылмауы қатаң бақылауда болса, «Атырау-Жарық» АҚ Индер электр жүйелері мекемесі ауылдағы кейбір жеке тұрғын үйлердің ауласымен өтіп жатырған жоғары кернеулі электр желілерін ауыстыруды бастаған. Күні бүгінге «Шағала» мөлтек ауданы және Махамбет көшесінде жалпы ұзындығы 200 (екі жүз) метр желіні ауыстыру үшін жаңа бағаналар орнатылып, оларға жаңа желілер ауыстырылғаннан кейін жеке үйлердің шарбағынан өтіп жатқан ескі бағаналар алынады. Асфальт салынбаған 5 көшеге жол салу күрделі жөндеу жүргізу бойынша «ПроектСтройИнженеринг» ЖШС арқылы  жобалық сметалық құжаттары жасақталып, енді мемлекеттік сараптамадан өтсе, қаржы сұралады. Ал «Қурайлы сай», «Ақсай», «Бағырлай» каналдары 2021 жылдың тамыз айында аудандық коммуналдық меншік теңгерімінен шығарылып, республикалық «ҚазСуШар» РМК теңгеріміне берілген. Аталған каналдарға күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалған. Ағымдағы жылдың жоспарына тек «Ақсай» каналына күрделі жөндеу жүргізіліп, «Қурайлы сай», «Бағырлай» каналдарына қаражат бөлінген жағдайда жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Және тұрғындардың назарын аударған Исатай ауданының Тұщықұдық ауылынан келген «Мажанов» ШҚ-ның 170 бас ірі қара малы заңды тіркеуге алынған. Аудандық «Ветстанса» КМК-ның мамандары қан сынамасын алып, оның қорытындысы бойынша жұқпалы немесе басқа да ауру түрлері анықталмаған.
Есепті кездесуде «Атырау-Жарық» АҚ Индер аудандық филиал жетекшісі А.Кенжеғалиев электр желілері туралы филиал атқарып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, электрик маманы тапшылығын көтерді. «ҚазСуШар» РМК аудандағы филиал басшысы С.Байбосынов "Қурайлы сай" каналына тәулігіне 10 сағат бойы су айдалатынын, жалпы биыл каналдарға қатысты мәселе жоқтығын айтты. Әрине оған биылғы ылғалдың молдығы да себеп болуда.
Дегенмен ауыл тұрғындарының да айтары аз болмады. Мысалы, зейнеткер Ж.Азанов ауылда электриктің жоқтығын, тас жолда болған оқиғаға мал иесін кінәлауға келіспейтінін, жеті түнде кім малын қалай түгендеп жүретінін ащына жеткізді. Ардагер ветеринар М.Тұрғанов заң бойынша жұмыс жасалмайтынын, әуелде келген малды тексерістен өткізіп алу керек еді десе, тұрғын Ө.Темірғалиев ауылдан 3-4 бағытқа сиыр жайылысқа шығатынын, оған арнайы бақташы сайлау қажет дейді. Ал округ бойынша учаскелік инспектор Қуандық Ізбасаров рұқсат етілмеген жолда келе жатқан сиыр апатты жағдайға себеп болып, жолаушыдан шағым түсуіне орай мал иесіне айыппұл салынғанын қаперге берді.
Жиында Құрылыс ауылынан келген ардагер мұғалім С.Керешов ауылда жарықтың жоқтығын, газет уақтылы таралмайтынын, айтылған мәселелер орындалмайтындықтан халық жиынға келмейтінін, мектептің көлігі ескі, жазғы су мардымсыздығын, ауданға келген әншілер ауылға келіп неге концерт бермейтінін  сынға алса, зейнеткер А.Бақыт жастармен жұмыс мәселесін көтерді. Ал тұрғын Б.Өтеманов жұмысқа қабылдауды ауылдағы қоғамдық кеңес арқылы жүзеге асырса, мемлекеттік қызметтің ардагері Т.Тасқарин кез келген қолдан келетін жайды мәселе етіп аудан деңгейінде шығарып көтере берудің жөні жоқтығын, олай ете берсе жаңағы 14 ұсыныстың ұзарып кете беретінін, бұл жерде округ әкіміне ширау керек деп қадап айтты. Шынында да бұралқы ит мәселесі тағы көтерілгенмен онымен айналысатын айналып келгенде округ әкімінің өзі екені белгілі.
Жиынды аудандық мәслихат хатшысы қорытындылап, көтерілген мәселелер жөнінде арнайы шешім қабылданатынын қаперге берді.

Ж.ІСІМ
Жарсуат ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521