1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне орай Индербор кентінде Ш.Уәлиханов мектебінің ауласынан бой көтерген жаңа спорт алаңының ашылу салтанаты өтті.
Жиынға аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, ардагер спортшы Б.Айтқалиев, сондай-ақ кент тұрғындары қатысты.
Айта кетейік, пайдалануға берілген спорт алаңы алдағы уақытта аудан жастарының спортпен шұғылдануына, жазғы маусымда мектеп оқушыларының уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Осы орайда, мектеп әкімшілігімен арнайы кесте бекітіліп, түрлі спорт секциялары ашылды.
Аумағы 0,377 га құрайтын ашық алаңдағы жаңа кешенде футбол, баскетбол, волейбол, алғашқы әскери дайындық және Street Workout алаңшасы орналасқан. Ойын алаңдары жасанды көгалмен, жаттығу орындары арнайы жабынмен қапталған.
Сонымен қатар абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жарық шамдары орнатылды.
Спорт алаңының құрылысы «ТеплоИнжСтрой» ЖШС-і мердігерлігімен 2020 жылдың қазан айында басталған болатын. Аудан әкімінің орынбасары А.Мусағалиевтің айтуынша, мұндай спорт алаңдарының құрылысы С.Сейфуллин, М.Әуезов,«Көктем» қазақ орта мектептерінің аулаларына салу жоспарлануда. Қазіргі таңда жобаның сметалық құжаттамасы толықтай дайын, қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Индер ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі