Индербордың Атырауға шығар жолының бойында кәсіпкерлік нысандары көбеюде. Әсіресе, бұрын игерілмей жатқан сол жақ қапталда көлік жөндеу, тегершік жөндеу орталықтары ашылса, енді оның қатарына жаңадан көпбейінді жанар-жағармай құю стансасы қосылмақ.
Қазір іс басында арнайы техникалар жерін тегістеп, нысанның құрылысын жүргізуге дайындық жұмыстарын бастауда. Аудандық жер қатынастары, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Азамат Иғалиевтан білгеніміздей, аталған құрылысты осы арадан 0,7600 га жер алған «Орал мұнай химия-компаниясы» ЖШС жүргізуде.
Сәтін салса енді Атырауға шыққан жүргізушілерге жанар-жағармайды жолшыбай жасап алуға мүмкіндік тумақ.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ