Жайылымдық жерді кеңейтсе қайтеді...

Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру қағидатының аясында атқарушы билік өкілдері үнемі елмен етене араласып, олардың талап-тілектері мен ой-пікірлеріне ұдайы назар аударып отыруды жүктегені белгілі. Түрлі деңгейдегі әкімдердің әрбір тоқсан сайын халық алдына шығып атқарылған істер мен шешімін күткен мәселелерден хабардар етіп отыру міндеттелгені белгілі. Бұл орынды талаптың өз жемісін бере бастағаны да анық еді. Көтерілген мәселелер сол жерде шешілмегенімен жоспарға енгізіліп, қажетті қаражат көлемі ескеріліп тиісті орындарға ұсыныс беріледі. Өткен аптада ғана аудан басшылығының тізгінін қолға алған Дарын Шамұратов алдымен Көктоғай және Өрлік ауылдық округтерінде болып, мәдениет үйінде тұрғындармен жүздесті.
Алдымен Көктоғай ауылына ат басын бұрып көптің тілегіне назар аударды.
-Өздеріңіз де білесіздер, өткен 5 маусымда референдум өтіп конституцияға бірқатар өзгерістер енгізілді. Қыркүйектің алғашқы күні парламент сессиясының ашылуында Президент халыққа өз Жолдауын жолдады. Жаңаша даму үдерісін бетке алған мемлекетіміздің әлеуметтік әлеуетін көтеруге бағытталған Жолдауда атқарушы билікке бірнеше міндеттерді атап көрсетті. Сөз жоқ, тапсырма орындалады. Президент тапсырмасының артында халық тұр. Ал халық қоғамның басты байлығының, тұрақтылығының кепілі. Сондықтан да Сіздерге келіп бетпе-бет жүздесіп отырмын,- деді аудан басшысы Дарын Дүйсенбайұлы.                      
Ауыл тұрғыны Рита Жаншина өзінің әлеуметтік жағдайын баяндады. Жалғызбасты жанның айтуынша, тұрақты жұмысы жоқ. Ақылы қоғамдық жұмыстан қысқарып қалған. Мүмкіндік болса осы жұмысқа тұрақты түрде қайта орналасқысы келеді екен. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мырзабай Егінбай ауылдың аумақтық шекарасы бұрын кеңшар кезінде үлкен болатын. Тәуелсіздік алған жылдары аумақ бөлінген кезде қысқарып кеткен. Осы жерлерді қайта қарап, бөлуге болмай ма? Ел мақтанышы, Кеңес Одағының батыры Боран Нысанбаевтың ерлігін дәріптеуді жылына бір мезгілде емес, тұрақты түрде шаралар өткізуді қолға алу керек, көрнекті етіп ескерткіш орнату мәселесі қолға алынса деген ұсынысын жеткізді.
Ауыл тұрғыны Исатай Есимов интернет жылдамдығының төмендігін, осыны арнайы байланыс операторларының алдына қойса деген ойын айтты. Сонымен қатар, бұралқы иттерді жоюды ұсынды. Иесіз иттің балаларға төндіріп тұрған қаупі жоғары екенін жеткізді.
Зейнеткер-ұстаз Тілеухан Қазбекова ауылға тегіс жол төселіп қуанғанымен автокөлік жүргізушілердің жылдамдықты үдетіп, тиісті талаптарды сақтамай отырғанын, сондықтан да көшелерге жасанды жол кедергілерін орнату мәселесін көтерді.

С.ЕРСАЙЫН,
Көктоғай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521