Қазақ жұртына ғана тән қолындағысын қонағына ұсынатын жомарт та қонақжайлылық дәстүр жолымен қарт Каспий мен Жайық бойындағы қалың жұрттың Есіл бойын жайлаған талғампаз астаналықтарға арнайы жәрмеңке өткізіп, өздері қолдарымен өсірген табиғи дәмдерін ұсынуы биыл да жалғасып, осы жолы ол Елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылғаны лайықты сыйлық болды.
Атыраулықтар тауар өндірушілердің бұл сапарын облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бастап барса, делагация құрамында облыстық басқармалар басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімдері мен шаруа қожалықтарының жетекшелері, өнерпаздар, журналистер де болды.
Бұл жәрмеңкеге Индер ауданы атынан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев бастауымен аудандық ауыл шаруашылығы басшысы Сәулет Есетов пен «Аудандық ветстанса» КМК бастығы Ерлан Бөкеев, шаруа қожалықтары басшылары мен өкілдері қатысқан екен.
-Тамыздың 25-26 күндері Астанадағы «Қазақстан» спорт кешені жанында өткен жәрмеңкеге дайындық ерте басталды. Жылда өтіп жүрген шара болғанымен әр жылдың өзіндік ерекшелігі, талабы болады. Оның үстіне қала тұрғындарына ауылдан сапалы өнім алып барумен бірге, оны қолжетімді бағаға ұсынудың өзіндік ерекшеліктері болатыны анық, - деді индерлік топтың жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Есқабылұлы.
Ал Астанадағы жәрмеңкеге елтайлық «Нұрлыбек» ШҚ (жетекшілері Нұрғали Жәлиев пен Сағира Аяпова), «Жанар» (Парасат Бақтыбаев), Көктоғайдан «Алға-1» ШҚ (төрағасы Ағеділ Шалхаров, Гүлшара Сабырова), «Уәли Ата» ШҚ (Қанатжан Бисенғалиев, Аманжан Қайыржан), «Манас» ШҚ (Манас Тайланов), Жарсуаттан «Асыл-Агро» ШҚ (Мүфтолла Құлбасов, Әбілхайыр мен Асылбек Ғаббасовтар) сиыр мен жылқы еттерін, сүт пен оның өнімдері шұбат, құрт, ірімшік, қияр, қарбыз, сәбіз, тағы басқасын қолжетімді бағаға сатылуын ұйымдастырды.
С.ХАЛЫҚОВ.