ЖАҒАЛАУДАН 42 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

Облыстағы барлық гидрогеологиялық жағдайды ғасырлар бойы реттеп, тіршіліктің нәрі, тұщы су көзі болып келе жатқан Жайық өзенінің тазалығы әрдайым күн тәртібінен түскен емес. Осы жолы да республика бойынша жарияланған "#Birge#TazaQazaqstan" акциясына қатысушылар, әсіресе жастар көптеп жиналып, құлшына үлестерін қосып, біраз істің уақтылы тындырылуына жағдай жасады.

Жалпы биылғы жыл Индербор кенті үшін жасыл желекке көптеп қамқорлық жасалып, күтімге алынған, бірнеше бақтар бой көтерген кезең болды десек артық емес. Тазалық пен көркейту-көгалдандыру айлықтары кезінде Индербордың тұсындағы Жайық жағасындағы ескі баққа жаңа әр беріліп, жас талдар көптеп егіліп, қоршалып күтімге алынды. Оған аудан орталығындағы бірнеше мекеме,бөлімдер ұжымдары белсене араласса, осы жолы аудандық жастар ресурстық орталығы, оның жанындағы «Жасыл ел» жасақтары жастарға тән белсенділіктерімен көзге түсті, ұйымшылдық танытты.

senbilik12

-«Жасыл ел» жасақтары қатарына ай сайын 35 жас тартылып тұрса, осы акцияға 45 жас барлық құрал-саймандарымен ертелете жиналып, Жайықтың өрт қауіпсіздігі бекетінен бастап, біраз жердің қоқысын тазартып, «Жасыл аймақ» ЖШС дайындаған көліктерге тиеп жіберіп тұрды,-дейді аудан жастарының жетекшісі Сұңқар Ерсайынұлы. Акцияға бір «КамАЗ», тиегіш техника, екі трактор тіркемесін шығарған «Жасыл аймақ» ЖШС үшін де жауапкершілік сын болғандай. Өйткені, «Көп түкірсе-көл» деген, әлсін-әлі әр тұста жиналып қалып жатқан қоқысты олар көп күттірмей жедел тиеп әкетіп жатты. Мұның арқасында қатысушылардың да жұмысы өнікті бола түсті.

-Мұндай белсенділіктің үлгісін әр ауылдан шыққан сенбілікшілер де танытты. Нәтижесінде, индерборлықтар Жайықтың 10 шақырымға жуық жағалауын жинақталған 6 тонна қоқыстар мен қалдықтарды, қураған ағаштардан тазартты. Ал Өрлік ауылы тұрғындары өз тұстарындағы жағалаудың бой- ымен 15 шақырым көлемдегі қоқысты жинауға қол жеткізді. Олардан бөденеліктер де қалыспады. Ауылдан сенбілікке 65 жас қатысып, 7 км. аймақты тазалады,-деп хабарлады бізге аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары бөлімі басшысы Абзал Рамазанов.

senbilik

Бұл арада Бөдене ауылымен қатар Жарсуат, Елтай, Есбол, Көктоғай округтері де республикалық акцияға өз үндерін қосып, іскерлік танытқандарын атауға болады. Соның арқасында жалпы аудан бойынша Жайық өзені жағалауымен 53 шақырым аймақты 362 адам тазалап, 42 тонна қоқыстың шығарылуы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар тұрғындар арасында тазалық, жасыл желекті күту, көркейту, әр ауылға тартылған техникалық суды тиімді пайдаланып, бау-бақшаны күтіп-баптап, көптеп өнім алу жайы да насихатталғаны нұр үстіне нұр бола түсті.

С.БИСЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT