Жаңа пайдалануға берілгеннен бері халық игілігін көріп келе жатқан «Индер-Атырау» автокөлік жолын сақтап қалу әлі күнге аса маңызды. Әсіресе, көліктерін жүкті «ыңыршағы үзілгенше» тиеп, жолды бүлдіретін жүк көлік иелері мен жүргізушілерді қадағалау күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл бағытта көлікті бақылау инспекция, «Нұр Отан» партиясымен бірлескен жұмыстардың нәтижесін аудандық полиция бөлімінің бастығы Берік Жанұзақов ортаға салды.
Аталған маңызды жол бойында 633 автокөлік тоқтатуға тура келген. Оның ішінде құрылыс топырағын артық тиеген 203 жүргізушіге әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар жүк тасымалы ережесін бұзған -108 жүргізушіге, тасымалдаған жүгінің құжаты жоқ – 252 жүргізушіге, жол бойында түрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін - 70 жүргізушіге әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынған.
- Жол сапасын сақтауда олқылыққа жол берген жүргізушілерге 36 млн 548 мың 616 теңге айыппұл салынып, мемлекет пайдасына 23 млн 272 мың 211 теңге 50 тиын өндірілді, - деп атап өтті полиция бөлімінің бастығы Берік Жанұзақов.
Өз тілшіміз