V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 мемлекет қатысады

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Маратұлы Жарасбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Фаридұлы Нұров, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Құтжанұлы Есентаев қатысып, журналистер сұрағына тұшымды жауап берді. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев сөзін көшпенділер ойындарына дайындықтың аралық қорытындысынан бастады. «Ең алдымен, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастырушылар құрамына Қазақстан Республикасының Үкіметі, Дүниежүзілік этникалық спорт түрлері конфедерациясы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы кіргенін айтқым келеді. 20 маусымда ЮНИСЕФ (БҰҰ Балалар қоры) пен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. ЮНИСЕФ V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми серіктесі мәртебесіне ие болды»,- деді Серік Жарасбаев. Туризм және спорт вице-министрінің айтуынша, спорт ғимараттарының басым бөлігі жарыстарды өткізуге дайын. «Алау» мұз сарайы мен «Астана Арена» стадионында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, олар 15 тамызда аяқталады деп күтілуде. «Қазанат» ипподромындағы құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталады деп жоспарланған. Көктемгі ауқымды су тасқынына байланысты Мемлекет басшысының, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға жұмсалатын шығындарды қысқарту қажеттігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында Ойындар бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Ойындардың ұзақтығы бір күнге қысқарып, 8-13 қыркүйек аралығында өтетін болды. Қатысушылар мен елдер саны да азайды. Еске сала кетейік, бұған дейін әлемнің 100-ден астам елінен 4000 қатысушы қатысады делінген болса, енді қатысушылардың саны 2000-нан асады деген жоспар бар. Бүгінге дейін 89 мемлекет Ойындарға қатысатынын растады. Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан Республикасы, Гамбия сияқты елдер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына алғаш рет қатысқалы отыр. Корей күресі Ссирым спорттық бағдарламадан шығарылды. Бірқатар спорт түрлері бойынша салмақ категориялары да азайтылды. «Ұлы дала жорығын» қоспағанда, спорттың 10 түрінен тұратын арнайы қойылымдар ойындар бағдарламасынан толығымен алынды. Сонымен қатар, Қырғызстан мен Татарстан Республикаларының басшылықтарының өтініштері бойынша, ойын бағдарламасына Көк бөрі және «Көрәш» енгізілді. «Шығындарды оңтайландыру бойынша барлық шараларды жүзеге асыра отырып, бастапқы бюджеттен 1,7 млрд үнемдедік. Осыған қарамастан, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Астанада жоғары деңгейде өткізу үшін демеуші ретінде қазақстандық және шетелдік компанияларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деп мәлімдеді ҚР Туризм және спорт вице-министрі. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас серіктесі – «Қазақстан Халық банкі» АҚ, ALAGEUM ELECTRIC электротехника компаниясы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі атанғанын мәлімдеді. «Серіктестер мен демеушілер бөлген жалпы құны 253 250 002 теңгені құрайтын қаражат жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық ретінде үлестіруге, сондай-ақ Ойындарға қатысушылардың әуе билеттеріне, марапаттау салтанаты өткізілетін алаңдарды дайындауға, естелік медальдар мен сертификаттарды дайындауға жұмсалады», – деді дирекция басшысы. Дирекция жетекшісі көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне табысталатын медальдарды да таныстырды. «Медальдің ортасында көшпелілер өркениетінің белгісі – ат үстіндегі Күн басты адамның таңбасы бар. Медальда спорт, мәдениет, ғылым салаларын қамтитын негізгі 3 символ бедерленген. Осының барлығын Қазақстан халқының бірлігін білдіретін Шаңырақ көмкеріп тұр», – деп сөзін қорытындылады Наиль Нұров. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев спорттық бағытта атқарылған маңызды жұмыстарға тоқталды. «Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алаңында 370 төреші 21 спорт түрі бойынша төрешілік қызмет атқарады. Сондай-ақ, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел құрамасы сапында өнер көрсететін спортшылар мен спорттық жылқылардың функционалдық және психологиялық жағдайын бақылау үшін ветеринар, биолог, генетик, спорттық психология және медицина мамандарының жетекші ғалымдарынан тұратын екі кешенді ғылыми топ құрылды». V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекцияның баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521