Жарсуат ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жұмыс қарбалас десе болатындай. Ауырған тәніне шипа іздеп келген тұрғындарға мейлінше көмек көрсету дәрігерлердің бұлжымас заңы екені белгілі ғой. Мейірбике Қарлығаш Сұлтанованың айтуынша, Құрылыс, Ақтан, Қызылжар, Кетебай елді мекендерінің тұрғындарының да саулығына жауапты екен. Кетебайдан басқа елді-мекендерде фельдшер жұмыс істейді. Қажет уақытында жедел жәрдем көлігімен қатынап, шақыртуларға барып тұрады. Бір әттеген-айы автокөлік арнайы жабдықталмаған. Алдағы уақытта бұл олқылық шешілсе жақсы болар еді деген үкілі үміттерін де жеткізді.
-Жалпы тұрғындар арасынан көбіне-көп қан қысымының тұрақты болмайтынын айтып шағымданушылар көп. Оларға қажетті ем-дом шаралары тұрақты көрсетілуде. Бала көтеретін жастағы 452 әйел-ана болса бүгінде 45 әйел өмірге сәби әкелу қамында. Ал жасқа толмаған 58 сәби де тұрақты бақылауға алынып, әрбір уақыт сайын қаралып екпесін алып тұрады,-дейді мейірбике Қарлығаш Сұлтанова.
Жолдауда елді мекендерде арнайы емдеу мекемелерін салу бастамасына жарсуаттық дәрігерлер қолдау білдіріп отыр. Әрі мамандар жұмыспен қамтылып, емдеу қызметінің аясы кеңейетіні де көңілге қуаныш ұялатады.
С.КӨШЕКОВ,
Жарсуат ауылы