Өткен 2013 жылдың 27 тамызында «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасы қабылданып, елімізде сол бойынша бірқатар жұмыстарды қолға алу жоспарланған болатын. Осы бағытта Индер ауданында да тиісінше жұмыстар жасалу үстінде екен.
Мұны біз аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шапағат Габбасов келтірген деректерден айқын аңғардық.
-Өткен жылдарды айтпағанның өзінде биыл Көктоғай ауылдық округінің кірме жолына ток көзін үнемдеп пайдалануға арналған жарық шамдары орнатылды. Сәтін салса жуық арада іске қосылмақшы екен. Сондай-ақ Өрлік, Есбол, Елтай, Жарсуат, Аққала ауылдарында осындай шамдар орнату үшін жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалу үстінде. Бірқатары дайын бола келді. Қажеті қаражат көлемі де анықталып сұраныс беріледі,-дейді ол.
Үнемделген энергия көзімен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар мұнымен тоқтап қалмасы анық. Өйткені аумағы күн өткен сайын үлкейіп, жаңа мөлтек аудандар пайда бола бастаған Индербор кенті үшінде шаруа шаш етектен екені осы ба-стан сезілуде. Сондықтан да ертеңге қамданыс бүгіннен жасалуы керек деген ойдамыз. Ең бастысы қай нәрсені де үнемді пайдаланып, еліміздің экономикасының дамуына мүмкіндік беруіміз қажет.
С.КӨШЕКОВ