«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының Индер ауданында іске асырылуы туралы аудандық мәдениет үйінде жиын өтті.
Жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Әсет Оразғалиев пен аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин, бөлім, мекеме басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Акцияның орындалысы жөнінде аудандық полиция бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ерқанат Темірханов баяндама жасап, аудан тұрғындарына жүргізілген түсіндірме жұмыстары мен толтырылған айыппұлдар бойынша айтып өтті.
Баяндамашының айтуынша, бөлімнің учаскелік полиция инспекторлары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтаған. Айталық, Индербор кенті бо[1]йынша бөлінген 4 секторда, яғни «Көктем», «Болашақ», «Шығыс», «Барлаушы» мөлтек аудандарындағы Тұхфатов, Қазақстан, Әбілқайырхан көшелеріне және Бөдене, Жарсуат, Елтай, Есбол, Өрлік, Көктоғай ауылдық округтерінде тұрғын үйлерді аралап, әкімшілік хаттама толтырылыпты. Тұрғындар тарапынан тазалық бойынша орын алып отырған құқық бұзушылықтың басым көпшілігі аула сыртына құрылыс заттарын ретсіз тастауы екен.
– Акция барысында 87 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынып, жазбаша ескерту берілді. Атап айтсақ, ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабы бойынша 23 адамға барлығы 304590 теңге айыппұл салынды. Және қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидасын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіргені үшін ҚР ӘҚБтК[1]нің 505 бабы бойынша 67 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, жазбаша ескерту берілді. Яғни, Елтай ауылында – 10, Бөдене ауылында – 9, Есбол ауылында – 16, Өрлік ауылында – 4, Көктоғай ауылында – 6, Индербор кентінде – 40, Жарсуат ауылында 2 әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Ерқанат Темірханов.
– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаты – тек шөп жұлып, қоқыс жинау ғана емес, адамзатты тазалықтан бастап, ұйымшылдыққа, бірлікке, татулыққа тәрбиелеу. Тазалықты әуелі өзімізден бастап, отбасымызға, өсірген ұл-қызымызға үйрете алуымыз қажет. Қарапайым саябақтарда демалыс кезінде қоқыс қалдықтарын арнайы орынға тастау секілді қарапайым ережелерді көрсету керек.
Жадыра Н