Су басудың алдын алу және аудан аумағында су тасқынынан болатын ықтимал залалды азайту мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен «Индер ауданы аумағында 2025 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық, қауіпсіз өткізу және ықтимал шығындарды азайту бойынша іс-шаралар жоспары» әзірленіп, аудан әкімімен бекітілген болатын. Бүгінгі таңда Ирикла су қоймасын пайдалану басқармасы филиалының деректеріне сәйкес, су торабы арқылы орташа тәуліктік судың келу деңгейі (1 сәуірдегі жағдай- автор) – 4 метр 23 сантиметрді құрап отыр. Қауіпті деңгей – 9 метр.
Индер ауданы бойынша жалпы 30 817,1 метр құрайтын бөгет бар. Соның ішінде, күні бүгінде ұзындығы 28 396,6 метр бөгетті көтеру және нығайту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілгенін аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы Ербол Г абитов берген мәліметтерден аңғардық.
Аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шапағат Ғаббасовтың айтуынша, бөгеттерді көтеріп және қайта қалпына келтіру үшін бюджеттен 260 миллион 693 мың теңге бөлінген екен. Барлық ауылдағы бөгетті нығайту жұмыстары аяқтала келген.
Ағымдағы жылы су тасқынының салдарын жоюға 48,51 тонна жанар-жағар май, 100 тонна инертті материалдар (ПГС, топырақ және т.б.) және 25 мыңнан астам қапшық, 500 астам төсек жабдықтар әзірленген екен. Су тасқыны орын алса, онымен күреске 152 адам, 50 бірлік техника, 34 бірлік мотопомпалар дайын тұрған көрінеді. Аудан аумағында орналасқан пункттердің жағдайы тексеріліп, эвакуациялау маршруттары мен автокөліктер дайындығы пысықталған. Ауданда су тасқыны болған жағдайда аудан елді мекендеріндегі халықты эвакуациялауға арналған аудан әкімінің шешімімен бекітілген 11 көшіру пункті белгіленген.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласы бойынша құрылымдардан аудан орталығында 1 орталық емхана және 1 аурухана бар. Әр емдеу мекемесінде 30 науқасқа есептелген алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қоры бекітілген және төтенше жағдай кезінде халықты құлақтандыратын 18 құрылғы орнатылған. Бүгінгі күні аудан аумағында су басу қаупі жоқ.
С.КӨШЕКОВ