Су бөгеттері – Каспий құбыр консорциумының жіті бақылауында

Атырау өңіріндегі су тасқыны қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Сондықтан осы өңірдегі ірі кәсіпорындар Атырау облыстық төтенше жағдай жөніндегі жедел штабымен тікелей байланыс орнатып, жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін жұмыла атсалысып жатыр. Аталған штабтың ресми ақпаратына сәйкес, Атырау қаласы маңындағы су тасқыны қаупі төніп тұрған аймаққа 350 техника тартылды. Бұл істен Каспий құбыр консорциумы да шет қалмай, осы уақытқа дейін 40-тан аса техникасын Жайық өзенінің жағасына бөгет салу жұмыстарына қосты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, көптің күшімен қала маңында 250,7 километрді құрайтын бөгет салынды. КҚК компаниясы осыдан бір ай бұрын Атырау облысы Алмалы ауылдық округінің Береке ауылы маңында өздеріне бөлінген №27 және №28 учаскелерде жаңа қорғаныш бөгетін салып бітірді. Компания өкілдері атап өткеніндей, олар бұл бөгетті салуға 7 сәуірде кіріскен. – Су ұстайтын жалдардың биіктігі 3,5-4 метрге, іргесінің ені 10-12 метрге жетеді. Жағалауды нығайту жұмыстарына 40-тан аса техника тартылды, оларға консорциум өкілдері де, серіктестеріміз де қатысты, – деді «КҚК» АҚ құрылыс бөлімінің басшысы Ерлан Дабысов. Бөгеттің ұзындығы үш километрге жуық. Мұны орналастыру үшін карьерден 110 мың текше метр топырақ әкелінді, шамамен 15 мың шаршы метр геотекстиль төселді. Геотекстиль төсеу және топырақ қаптау жұмыстарына компания серіктестерінің адамдары, мерзімді әскери қызмет сарбаздары, ТЖ өкілдері мен еріктілер, сондай-ақ жергілікті волонтерлер (ауыл тұрғындары) көмектесті. – Жайық жағалауына жақын орналасқан Береке ауылын қорғау үшін жалпы ұзындығы 10,4 километр болатын бөгет тұрғызу қажет болды. Қазіргі уақытта ойластырған іс толық орындалды. Бұған жергілікті компаниялар айтарлықтай үлес қосты, – дейді Алмалы ауылдық округінің әкімі Гүлшат Аухадиева. – Әсіресе, «Каспий құбыр консорциумы» акционерлік қоғамы үлкен қолдау көрсетті. Қаншама техникасын әкелді. Қалай десек те, үш километр әжептәуір қашықтық. Олар осы жұмысты тақыр жерден бастап, аяғына дейін жеткізді. Гүлшат Аухадиеваның айтуынша, 1993-1995 жылдары бұл жерлерде су өз деңгейінен жоғары көтерілген. Кейін жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдері бөлініп, үй құрылыстары қарқынды жүргендіктен, жал-бөгеттің көп бөлігі ауыл ішінде қалып қойды. Сөйтіп, елді мекен суға қарсы қорғанышсыз қалды. Бірақ қазір жаңа бөгет пайда болды. Ауылдық округ әкімдігі кәсіпорындардың атсалысуымен тұрғызған су ұстайтын жал-бөгеттерді болашақта өз қарауына алып, жағдайын қадағалауды жоспарлап отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT