- Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру жолында өз ғұмырларын арнаған ұстаздар қауымына арнап Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Ұстаздық – ұлы қызмет» атты шара өткізіліп, мерейлі жасқа толған ұстаздарға құрмет көрсетілді.
- Алдымен "Ұстаз" әнін сүйемелдеуімен мерейлі 60 жас иелері Виктор Нестерович, Алмажай Анирқызы мен Тойындық Еділқызы ортаға шақырылып, еңбек жолдары туралы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Одан соң, білім ордасына жиналған ұстаздарды Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Айман Меңдігереева құттықтап, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын жандарға алғысын білдірді.
- – Өздеріңіз секілді шәкіртінің жанына нұр құйып, бар білімін оқушыға арнаған, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да әркез бөлек. Бүгінде ерекше құрметке лайық ардагер ұстаздарымызды құттықтау үшін біз үшін үлкен мәртебе. Мерейлеріңіз арта берсін, - деп ақ тілегін жолдады ол.
- Аппақ тілек пен алғыс жауған күні ардагер ұстаздардың шәкірттері де қалыс қалмай, ұстаздарын құттықтауға ортадан табылып, кездесуге Роза Жанғалиқызы, Валентина Рақымжанқызы, Балтөре Махметқызы секілді зейнеткер ұстаздар мен Алма[1]жай Анирқызының үш сыныбы, Виктор Нестеровичтің екі сыныбы, Тойындық Еділқызының сыңары Тоқтар Еділқызы мен шәкірті Әсел Тоқанаева арнайы келіп, естеліктерімен бөлісті.
- Әрі қарай кеш жүргізушілері Баубек Бакишев пен Наргиз Жұматаева Виктор Нестерович пен Алмажай Анирқызының рөлін сомдап, мерейлі жасқа шығып отырған ұстаздарымыздың алты асыл қасиетін атап өткен соң, «Жас маманның жұмысқа қабылдануы» туралы көрініс қойылды. Көрініске қатысқан Майра Қапашева, Айдар Әділов, Қайырбек Кенжеалиев секілді мұғалімдер өз рөлдерін көрерменге жеткізе біліп, ерекше ықыласқа бөленді.
- Ұжымда бірнеше жыл бойы еңбек етіп, кәсіби тұрғыда жетіліп, зейнеткерлікке шыққан мерейтой иелері өздерінің еңбек жолдарындағы қызықты сәттерімен, есте қаларлық оқиғаларымен бөлісіп, ұстаздық қызметтің үлкен жол екенін атап өтті.
- Кездесуде мектеп алды даярлық сыныбының оқушысы Айша Асылбекқызы «Ақ көгершін» әнін шырқаса, бірлестік мұғалімдері құттықтауларын әнмен жеткізді.
- Шара соңында Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасы Жарқын Махашқызы барша ардагерлерге алғысын білдіріп, игі лебізін жеткізді.
- Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ
ҰСТАЗДЫҢ ЕҢБЕГІ ҰШАН-ТЕҢІЗ
- Дендер
- Категория: Аудан тынысы
- Read Time: 1 min
- 190
