Индер аудандық соты аудандағы бір ауылдың жекелеген тұрғындарын әбден әбігерге салған «алаяқтың» ісіне нүкте қойды.
«WhatsApp», «Telegram» әлеуметтік желісін тиімді пайдаланған айыпкер көрші ауданның көпбалалы келіншегі боп шықты.
«Бақсақ, бақа екен» демекші, «ҚазТрансОйл» мекемесіне жұмысқа жұмысшылар алып жатырғандығын, яғни жүргізушіні 240-280, әртүрлі жұмыстар жасайтын қызметке -180, дәнекерлеуші-300 мың теңге жалақыға қабылдайтыны туралы хабарламаны оқыған ауылдықтар жанұшыра бір-біріне хабарласа бастайды. Ал айыпкер болса өзіне хабарламада берілген телефон бойынша хабарласқандарға бастығының шотына алдын ала ақша аударғандар ғана дегеніне жететінін ерекше ескертуді ұмытпай, «ауызбастырық» беру керектігін де айтып қояды сөз арасында. Сөйтіп, жалған кадр бөлімінің «қызметкерінің» банктегі есепшотына (ондағы фамилия мен аты-жөні өзінікі) алдын ала аз уақытта 30 мың теңгеден бірнеше адамнан қомақты қаржы түседі.
Сайып келгенде айыпкер сотта жәбірленушілерден барлығы 150 000 теңгені алаяқтық жолмен иемденіп, жеке пайдасына жаратқанын толықтай растап, бұл ісіне өкінетінін, кешірім сұрайтынын, жәбірленушілердің ақшаларын толық қайтарғанын айтады.
Сотталушының, жәбірленушілердің, куәнің сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде және басты сот талқылауында берген айғақтарына саралау жүргізе келе, сот жауапкер А.Ш.Е. есімді азаматшаны ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, осы бап бойынша оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Бірақ, жауапкердің балаларының жасы ескеріліп, айыпты өтеу кейінге қалдырылып отыр.
Есесіне, А.Ш.Е.-ның жазаны өтеуін кейінге қалдырылған мерзімдегі мінез-құлқына бақылау жасалынбақ. Ол тұрғылықты жері бойынша орналасқан қылмыстық-атқару инспекциясына жүктелді.
С.БИСЕНОВ