Қ.Абаханов атындағы орта мектебінде «Бала тәрбиесіне байыппен қарайық!» атты ата-аналар жиналысы өткізілді.
Еркін форматтағы дөңгелек үстел түрінде ұйымдастырылған жиынға ата-аналар белсенді қатысты.
Жиналысқа учаскелік полиция инспекторы А.Жұмашев, Өрлік ауылдық амбулаториясының кіші қызметкерлері А.Хайруллина мен Г.Жұмашева, сыныптар бойынша ата-аналар кеңесінің мүшелері, қамқоршылық кеңес төрайымы Қ.Аманғалиева, «Әкелер кеңесінің» мүшесі Т.Альфаритов, ата-аналар, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдері, мектеп психологтары қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, келеңсіз жағдайлардың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу туралы А.Жұмашев баяндай отырып, ата-аналар қойған сұрақтарға жауап берді. Ал, жасөспірімдерді зиянды заттардан қорғау, олардың мінез-құлықтарындағы ауытқушылық алдын алуды ұйымдастыру туралы Өрлік ауылдық амбулаториясының ембикесі А.Хайруллина түсінік берді.
Өз кезегінде «Бала- ата-ананың айнасы» тақырыбында өзім де сөз алып, отбасы-мектеп-оқушы үштік одағы сабақтастығы туралы ата-аналармен пікір алмастым.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Жардемова ата-аналар үшін «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбында коучинг ұйымдастырды. Үш топқа бөлінген ата-аналар алдымен түрлі түсті қағаздардан баланың бейнесін жасай отырып, қағаз сыртына өз баласы бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді жазды, берілген тақырыпта ой өрбітіп, постер қорғады. Жекелеген ата-аналар өз пікірлерін ортаға салды.
Қоғамда болып жатқан келеңсіздіктер туралы видеороликтер көрсетіліп, талқыға салынды.
Психолог Г.Қосымбаева «Ата-ана мен бала» тренингін ұйымдастырып, ата-аналарға психологиялық кеңес берді. Ақ қағаздан жасалған доп ішінде жасырылған затты табу арқылы баланың ішкі дүниесіне, әлеміне үңілу, балаға мейірім мен жылу сыйлау-ата-ананың басты міндеті екендігі туралы жіті түсіндірді.
Ата-аналар атынан К.Нағимов, Б.Болатов, А.Төремұратова сөз алып, жиналыстан өте жақсы әсер алғандығы туралы кері байланыс берді.