Тарих беттерін парақтасаңыз, халқымыздың сан түрлі тар жол, тайғақ кешулерді өткергенін көресіз. Қолдан жасалған ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс сынды оқиғалар қазақ халқының қабырғасын қайыстырғаны жасырын емес. Осы бір қиын-қыстау күндер Өрлік ауылының тұрғыны Ажар Жұмашеваны да айналып өте қойған жоқ. Бүгінде сол қасіретті күндерді көзіне жас тұна, еске алады. Алайда, 95 жасқа келіп отырған әжеміздің әліде көрер қызығы мен басынан өткерер қуанышы көп екен.
Ажар әжеміз көпті көрген кейуана. Жастайынан колхоздың жұмысына араласып, мал шаруашылығы саласында көптеген жылдар бойы қызмет атқарған. Алтын құрсақты анамыз дүниеге 6 баланы әкеліпті. Оның төртеуі ұл, екеуі қыз. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған әжеміздің әулетіндегі адам саны жылдан-жылға ұлғаюда. Бүгінде отбасы мүшелерінің саны 101-ге жетіп отыр. Атап айтқанда, әжеміздің ұл-қыздарына өмірлік жар атанған 4 келіні, 2 күйеу баласы бар. Олардан тараған 31 немересі мен 50 шөбересін қосыңыз. Сонымен қатар, 20-ға жуық немере келіндері мен күйеу балалары тағы бар.
Алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отырған әжеміздің шаңырағында жуырда шөпшек дүниеге келді. Фариза есімді кішкентай бүлдіршіннің есімін әжеміздің өзі Фаризадай ақын болсын деген ниетпен қойған екен. Немереден шөбере, шөбереден шөпшек сүйіп, ұрпағының жалғасып жатқандығына риза болған асыл әжеміз: «Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Осы бір бейбіт күнде шөпшегімнің маңдайынан иіскеу бақыты бұйырған менде басқа арман жоқ шығар, сірә! Әрбір бала әулетімнің баға жетпес байлығы»,-дейді қуанышын жасыра алмай. Біз де қуаныштарына ортақпыз.
Мейрамгүл Сапагулова,
Қ. Абаханов атындағы орта мектептің мұғалімі,
Өрлік ауылы.