Қазақтың жері мен киелі тарихының аса маңызды және көрнекті дәйек-дәлелдемелерінің бірі болып табылатын, Алтын Орда заманында гүлденіп дамыған Сарайшық қаласы біздің ата-бабаларымыздың қала салу мәдениетінің де жоғары дәрежеде болғанының бұлжытпас айғағы.
Бұл қаланың, оның кезінде орта Азия аумағындағы атқарған ролін дүние жүзінің тарихшылары біледі, мойындайды. Өкінішке қарай, Қазақстан жеріндегі осындай киелі де қасиетті орынды әлемнің қалың жұртшылығына, тіпті көршілес мемлекеттердің халықтарына да кең таныстыра алмай келеміз. Бұл жөнінде түрлі әңгімелер көп айтылса да, нақтылы істер мардымсыз болды.
Енді, Республикамыздың Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сарайшық қаласының, оның маңыздылығы мен танымалдығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымын жасақтау қажеттігі жөнінде мәселе көтергені және бұл мәселені дереу шешуді Үкіметке тапсыруы көңілімізде үлкен сенім ұялатты.
Қазіргі кезде кейбір елдердің саясаткерлері, сол саясаткерлерге ерген кейбір тарихшылары да: «Қазақтардың ата-бабалары тек малдың соңынан иесіз бос жатқан жерлерде шұбырып көшіп жүруді ғанан білген, қалалар салмаған, тіпті олардың өзіндік мемлемекеттілігі мен межелі жері де болмаған!» деген әпербақан саясатты өз халықтары арасында кең насихаттауда.
Басқыншылық саясаттың жетегіне ерген мұндай қаскөй саясаткерлер өз елдері халықтарынын саналарын улауда: оларға тарихты бұрмалап жеткізіп, біздің сан мыңдаған ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы өз қанымен суарып қорғап, ұрпағына қалдырған жерлеріне көз алартуда. Бұлардың ата-бабаларының кезінде гүлденген қала болған Сарайшықтың бейбіт халқын қырып-жойып, өлгендердің молаларына дейін тонаған жауыздар болғанын айғақтайтын деректер жетіп артылады.
Сарайшықтың шынайы тарихын күллі әлемге ашып көрсету керек, ал бұл істі атқару үшін Президентіміз айтқандай, алдымен заманауи туризм инфрақұрылымын жасақтау жұмыстары жүргізілуі керек.
Самиғолла Ғалымұлы
зейнеткер