Индер ауданы "Көктем" мөлтек ауданында салынып жатқан көпқатарлы үйлер жөнінде үнемі жазып, жариялап келеміз. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алып, жұмыстың жүйелі жүріп, сапалы салынуына атқарушы билікпен қатар халық қалаулары назар аударып келеді.
Аудандық мәслихаттың депутаттары, «Нұр Отан» партиясы Индер аудандық филиалы фракциясының бір топ мүшелері аудан орталығында салынып жатырған құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. Депутаттар алдымен кенттің оңтүстік-батысында бой көтеріп жатырған тұрғын-үй алаңында болды. Барлығы 4 қатарлы 48 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын ақтаулық «ЕвроСтрой-А» ЖШС-і 2018 жылдан бастап жүргізу үстінде екен. Серіктестік өкілі құрылыс жұмыстарының жүру барысы туралы баяндап берді.
-Тапсырылған жұмысты уақтылы атқарып шығуды көздеп отырмыз. Құрылыс материалдары жеткілікті. Қажетті топырақ қоспаларын осы жерден, ал тастарды Маңғыстау облысына қарасты Жетібай жерінен тасымалдап отырмыз. Дейтұрғанымен де бізді толғандырып отырғаны әкелінген құрылыс материалдарын ұрлау тыйылмай отыр. Сонымен қатар жұмысшы қолы өте аз. Аудандық жұмыспен қамту орталығына өзімізге қажетті мамандарға сұраныс жібергенімізбен, азаматтар келмей отыр. Олар жұмысқа қабылданған жағдайда еңбекақылары да тиісті дәрежеде төленеді, құрылыс жұмыстары да қарқынды жүрер еді,-дейді.
Осыған орай мердігер мекеме өкілі орын алған олқылықты жою бағытында нақты шаралар қабылданатынын жеткізді. Сондай-ақ 5 қатарлы 80 пәтерлік тұрғын үйдің жұмысын жауапты атыраулық «SMKA-4» ЖШС-нің жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды көздеп отырғанын мердігер мекеме өкілі Қадыр Қазыбаев атап өтті.
Жұмысшылардың қатарында индерлік 10 азамат еңбек етсе, қажетті құрылыс материалдары уақтылы келіп отырғанын тілге тиек етті.
Құрылыс жұмыстарына назар аударған аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Гүлшара Қабиева, депутаттар Әлия Қарашина және сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторинг топтың жетекшісі Жанай Амантурлин кездесуде айтылған мәселелерді тиісті мекемелердің алдына қойып, нақты шарасын алуға жұмыстанатындарын айтты.
Сұңқар КӨШЕКОВ