НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты маусымның 27-сі күні республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталығында ауа райы құбылып тұрады.
Бұл туралы ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ның мәліметтеріне сүйене отырып хабарлайды.
Кәсіпорын таратқан мәліметтерге қарағанда, маусымның 27-сі күні аталған аумақтарда найзағай ойнап, жаңбыр жауады, жел күшейіп, бұршақ жаууы ықтимал. Дауыл тұрауы да мүмкін. Солтүстік өңірде кей жерлерде тұман түседі. Қазақстан территориясының қалған бөлігінде жауын-шашын болмайды. Жамбыл, Атырау облыстарының кей жерлерінде күндіз жел 15-20 м/с-ке дейін күшейеді.
Сондай-ақ күндіз Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде күн қатты ысиды. Қызылорда, Түркістан, Атырау облысының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысының кей жерлерінде, Қостанай, Алматы, Жамбыл облыстарында өрт қауіпі сақталады.
Сурет: Ашықдереккөзден