Президент «Атырау – Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Серік Қабдоловты «Шапағат» медалімен наградтады

Бүгін Ақордада ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін құттықтап, марапаттар табыс етті. Президент шығармашылық өкілдерін Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен құттықтады. «Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін» деді Президент. Кездесу аясында Президент «Атырау – Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Серік Қабдоловты «Шапағат» медалімен наградтады. Серік Балтабайұлы Қабдолов 1972 жылы туған. Білімі - жоғары. Еңбек жолын 1993 жылы "Атырау" телерадиокомпаниясында оператор, тілші болып бастаған. 1997-2020 жылдары аралығында шолушы, меншікті тілші, продюсер, Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, бас редактор, бөлім басшысы, Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің басшысы сияқты түрлі лауазымда еңбек етті. Бүгінгі таңда «Атырау – Ақпарат» ЖШС шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып Серік Қабдолов еңбек етуде. Еске сала кетелік, бүгін Ақордада бір топ бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің өкілдеріне Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы гранты, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығы тапсырылып, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы алғысы жарияланды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521