Биыл еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қолға алынғаны белгілі. Бұл бағытта Индер ауданда да нақты іс шаралар жоспары бекітіліп, әр ауылдық округтер мен аудан орталығында түрлі тақырыпта арнайы сенбіліктер мен таза бейсенбі күндері ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысының аталмыш тапсырмасының орындалысы туралы жуырда аудан әкімінің міндетін атқарушы Әсет Оразғалиевтің төрағалығымен жиында талқыланды. Аталмыш акцияның аудан көлемінде орындалысы туралы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Лаура Қуанышева хабарлама жасады.
– Өңірлік жоспарға сәйкес аудан бойынша 10,1 га жерге 13730 тал отырғызу жұмысына мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 13 млн. 200 мың теңге мердігер мекеме «Нұрайна» мүгедектер қоғамдастық бірлестігі ұтып, жұмыстарын жүргізуде. Индербор кенті аумағында «Көктем» мөлтек ауданында 11 учаскелік үйлер айналасына, Нұрманов көшесі 62,70,71,72 тұрғын үйлеріне – 800, «Тайсойған-9» тұрғын үйі артындағы саябаққа – 700, АБК ғимаратына –650, орталық саябаққа – 1000, «Индер Су мекемесі» – 300, дене шынықтыру нысанына – 50 және Қонаев көшесі бойына -700, төтенше жағдай мекемесінің алдына – 50 тал, «Көктем» мөлтек ауданы саябағына 1000 тал отырғызылса, Махамбет көшесінің бойына 600 тал егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал әрбір ауылдық округтерде 1000 көшеттен отырғызылыпты. Барлығын қоса алғанда егілген көшет саны 13 мыңға жуықтап отыр, – деді хабарламашы өз сөзінде.
Хабарламашы сөзінен соң Әсет Оразғалиев бірқатар міндеттерді атап көрсетті.
– Аталмыш акцияның мақсаты баршамызға да түсінікті. Бұл – Мемлекет басшысының айрықша бақылауында тұрған басым міндеттердің бірі. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар ұдайы жалғасын таба бермек. Жаңадан егілген жас көшеттер күтімге алынып, көктеп кетуіне барлық жағдай қарастырылуы тиіс. Ортақ істе ешкім де шет қалуға тиіс емес,–деді ол.
Жалпы жылда халықтың қазынасынан мыңдаған тал егіледі. Бірақ, оның өсуін кім қадағалап жатыр? Кешегі орталық саябаққа егілген талдың шұқырын трактормен қазғанын көргенбіз. Президент тапсырмасына осылай қарауға бола ма?
С.КӨШЕКОВ