Өмірі өлеңмен өрілген

Өткен жыл мен биылдың өзінде ауданда бірнеше жаңа кітаптар жарық көріп, тұсаулары кесіліп, туған жердің әр тасы мен шежіресін ерекше қастерлеп жүретін индерліктердің көңілін бір тоғайтып, танымдарын кеңейтті.

Аудандық ардагерлер кеңесі бөлмесінде өткен дәстүрлі "Құрмет отауында" тұсауы кесіліп, үлкендердің ақ батасына ие болған "Қазақстанның Құрметті журналисі" Сансызбай Базарбаевтың "Жүрек сыры" кітабы да соның бірі.

img-20210301-wa0044

Қаламдас ағамыздың 75 жасқа толуына орай "Атырау-Ақпарат" ЖШС қолдауымен "Жүрек сыры" кітабы серіктестік басшысы Ысқақ Егембердиевтің алғысөзімен жарық көріп, елімізге белгілі журналистер Төлеген Жаңабай мен Нұрлан Қабылов бастаған әріптестері игі тілектерін арнаған болатын.

Үлкендер бас қосқан шараны ашқан Өтеп Қасибаұлы да осы жайларды атап көрсете отырып, еліміздегі журналистер династиясының бірі Базарбаевтар отбасының алтын діңгегі Сансызбай ағамыздың өмірі мен шығармашылық жолын әңгімеледі. Бұдан бұрын шыққан "Жырымды саған арнадым", "Ақбота күндерді аңсаумен", "Сезім жарқылдары", тағы да басқа бірнеше кітаптарына да тоқталды. Ал кітап атауына сонау жылдары "Ақ білегің дірілдейді мойнымда, Жүрегіме күзетші ғып қойдың ба?!" деген көркем де суретті ойлармен әспеттелген "Жүрек сыры" өлеңі таңдалғанына әдебиетші ұстаз Қабижан Қапиз және кітаптың тұсауын кескен баспагер Маргарита Бозаева мен Кеңес Сахи, Төлеу Ербөлекова да тоқталып, ризашылықтарын білдірді. Естеліктерге ерік берді.

img-20210309-wa0015

Шынында да "Балықшыны балықшы алыстан таниды" демекші, сазгер Құбайдолла Ғұбашев ән жазған осы өлеңдегі аталған жолдарға інісі, бард ақын Табылды Досымов та қызығып, ынта қойғанын көре қалдық. Ақынды бозбала кезінен жақсы біліп, сыйласқан үлкендер тілегін ізін басқан інілері Қадіржан Қайырлиев, Бақтығали Өсқалиев пен ардагерлер Қуанғали Ғабсаламов, ұстаз Бақыт Қарекешова, Жолдасқали Өмірбаев та қызықты әңгімеледі. Әсіресе, ақынның шығармашылықпен айналысуына жағдай туғызған жары Гүлжан апай мен ұрпақтарына алғыстарын аямады.

Жалпы аудандық газеттің бас редакторы Жанай Ислямғалиұлы бастаған әріптестері де ерекше атаған бірнеше сәтті өрілген жыр жолдарының басын біріктірген бұл кітаптағы "Махамбетке", "Балабайсаң", "Мұқағалимен кездесу", "Кемел елдің кемеңгеріне","Ұлытауда туған ұлы ойлар", "Мәртебе" (А.Исаевқа), "Азамат ажары" (Д. Төленовке), "Жақсының аты өшпейді" (Ғ.Нұғыманға), "Намысты еді ұстатпайтын жалынан" (Табылдыға), тағы басқа көлемді арнаулар мен өлең-очерктері оқырманын еш жалықтырмайды.

img-20210303-wa0010

Сонымен қоса ақын ретінде түрлі топта шабыттана өлең оқып, қиналған жанның қайғысын жүрек сүзгісінен өткізіп, көңіл айтқан жұбатуларын да бейжай отырып оқу кім-кімге де жеңіл емес.

Тіршілікте ойласақ жоқ таласы,

Ажал деген қас пен көздің арасы.

Бөрідей боп шауып жүрген азамат,

Бөренедей сұлап жатқанын қарашы,-деп тай-құлындай тебісе өскен Базарғали Тілепқалиұлын жоқтауы дәл сондай туындыларының бірі.

Сөзді әдетте басынан бақайшағына дейін жұрты ақын таныған Сәкеңнің өлеңдерінен бастағанымызбен бұл төрт бөлімнен тұратын кітаптағы "Көрген мен түйген", "Семсер сөздің серісі", "Үйінде мұражайы бар жігіт", "Атыраулық баһадүр батырлар", "Ел деп соққан жүрегі", "Еліміздің Есенжолы", "Ерлікпен өрілген өмір", "Ханшапқан", "Сезім жарқылдары" топтамасы сынды естелік, эссе, очерктер топтамалары да жеңіл оқылады.

Осы ретте қандайма кітап болмасын, аудандағы жалғыз басылым "Дендер" газеті қызметкерлері қолұшын беріп көп көмектесті. Сондықтан да осы жолы да әріптесіміздің әдемі көркемделіп, қатты мұқабамен әспеттеген кітабынан "Атырау-Ақпарат" ЖШС баспаханасы ұжымының өзіндік қолтаңбасын аңғармау мүмкін емес.

img-20210309-wa0017

Мұны барлық сөйлеушілер де атап өткен шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев қорытындылап, 75 жасқа келгенімен де қаламы егде тартып, еш тоқырамаған ақынның қоғамдағы түрлі жаңашыл өзгерістерге ұдайы үн қосатын өмірлік белсенділігін үлгі етіп, шығармашылық табыстар тіледі.

С.ХАЛЫҚОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521