Республика күні қарсаңында Индерборда «Ақжелең» өнер орталығы салтанатты түрде ашылды. Орталықта домбыра, шертер, жетіген, гитарамен ән салу, вокал топтары бойынша үйірме жұмыс жасамақ. Оған 7 жастан 50 жасқа дейінгі аралықтағы өнер сүйетін жандарға үйірмеге қатысуға мүмкіндік бар екен.
Ашылу салтанатында аудандық кәсіпкерлік, өндіріс және туризм бөлімінің басшысы Дулатбай Сариев құттықтау тілегін арнады. Өнер орталығы 2021-25 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында жүзеге асып отыр. Салалық бөлім басшысының айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша биыл 6 кәсіпкер 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаражат иеленсе, соның бірі осы орталықтың иесі – Жеңісов Азамат Жеңісұлы екен.
"Өнер орталығымызды әзірге аталған үйірмелермен бастап отырмыз. Алдағы уақытта басқа да үйірмелер ашу, концерт ұйымдастыру сынды үлкен жұмыстар жоспарымызда бар", - дейді грант иесі Азамат Жеңісұлы сөзге тартқанымызда.
Айта кетейік, Азамат Жеңісов Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы академияны аяқтаған. Осыған дейін Жарсуатта және аудандық Өнер мектебінде домбыра класынан шәкірттерге тәлім берген. Ол – Р.Ғабдиев атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінде бұрын домбырашы болса, бүгінде дирижері. Оның оркестрмен бірге дирижерлық өнерін кешегі Республика күніне арналған салтанатты шараның мерекелік бағдарламасында ел тамашалады.
Ендеше, жаңа өнер ордасына сәттілік тілейміз.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ