Өмірлері өнегеге толы жандар

Аудандық ардагерлер кеңсесінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Өмірлері өнегеге толы жандар» тақырыбында кездесу өткізілді.

Кездесуге ардагерлер Есенияз Төремұратов, Табылды Жұмаш, Орынай Қоқанова, аудандық мәслихат хатшысы Бағдат Сапаров, «Nur Otan» партиясы атынан сайланған мәслихат депутаттары Жанай Амантурлин, Ақжібек Сабырғалиева мен ардагерлер қатысты. Шараны Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Индер аудандық филиалы төрағасы Өтеп Нүриев ашып, шараның мақсаты мен шақырылған қонақтарды таныстырып өтті. – Есенияз Төремұратов ағамыз Ұлы Отан соғысы жылдарында колхозда еңбек етіп, тыл ардагері мәртебесіне ие болған.

1944-1992 жылға дейін Индер Борат руднигінде жұмыс жасаған. 1959, 1970, 1987 жылғы бүкіл одақтық халық санағына қатынасып, КСРО советінің марапатына ие болған жалғыз адам, ауданның Құрметті азаматы. Ал, Табылды Жұмаш соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, ата-анасына қолғабыс еткен. Шопан болып, кейін совет армиясына барып келгеннен кейін, тракторист курсын бітіріп, механизатор мамандығын алған. Зейнет жасына шыққанша шаруашылық саласында еңбек етті. Депутат болды, мерекелік медальдарға ие болған ағаларымыздың бірі.

ardager

Келесі қонағымыз – Орынай Қоқанова комсомолда егінші болып абыройлы қызмет атқарды. 80 жылы депутат болып сайланған, еңбекте белсенді жандардың бірі,- деді өз сөзінде. Кездесуге қатысқан аудандық мәслихат хатшысы Бағдат Сапаров ардагерлерді мерекемен құттықтап, лебізін білдірді. – Желтоқсан айы еліміз үшін атаулы даталарға толы ай. Қазақ ССР-нің құрылуы, шекара бөліп беру жөніндегі жарлықтарға осы айда қол қойылған екен. Бүгінгі шараның берері мол. Неге десеңіз, біріңізбен әріптес, біріңізбен сыйлас болдық. Еңбек жолдарыңыз Кеңес үкіметі уақытында басталып, Тәуелсіз Қазақстан беттерінде жалғасын тапты. Елге үлгі боларлықтай еңбек еттіңіздер, - деді. Сонымен қатар, Есенияз Төремұратов, Табылды Жұмаш, Орынай Қоқановаға аудандық мәслихаттың алғыс хаты мен мәслихат депутаттарының атынан естелік сыйлықты табыс етті.

Ал, Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Индер аудандық филиалы төрағасы Өтеп Нүриев мерейлі жасқа шығып отырған Есенияз Төремұратовты 90 жасқа, Табылды Жұмашты 85 жасқа, Орынай Қоқанованы 71 жасқа толуларымен құттықтап, құттықтау хат тапсырып, естелікке кітаптар сыйлады. Шараға қатысқан Қуанғали Ғабсаламов, Бақыт Қарекешовалар алдыңғы толқын ардагерлерді мерекемен тұспа-тұс келген жаңа жастарымен құттықтап, тілектерін жеткізді. Шара Еркін Әубәкіровтың орындауындағы «Ауызбіршілік» әнімен қорытындыланып, ардагерлер көңілді күйде тарқасты.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521