Кәсібінен нәсібін айырып отыр

Осыдан жиырма жылға жуық уақыт жұмыссыз жүрген Жаңаша Оралқызы алғашқы кезде үйден шаш қию, сәндеу жұмыстарын қолға алған. Содан үйінің бір бөлмесін, кейін ауылдағы ескі ғимараттарды жалға алып сол жерде өз кәсібін дамытқан.

Әуелгі кезеңдерде біраз қиындықтарға кезігіп, оған қарсы тұрып, «өзім дегенде өгіздей қара күшім» бар қағидасымен өзінің бар ынта-жігерімен осы салаға бет бұрыпты. Міне, бір пайыз талант пен тоқсан тоғыз пайыз еңбектің арқасында 2018 жылы «Бастау-бизнес» жобасын оқып, қолына сертификатпен бірге қайтарымсыз 250 мың теңге грантын жеңіп алды. Содан бастап, ауылдағы заман талабына сай жаңартылған ғимараттан бір бөлме алып, бүгінде өзінің кәсібін бастады.

-Әрине, бұл қасиет маған анамнан, кейін әпкелерімнен дарыған деп айта аламын. Себебі, анам алаша тоқып, кәжекей тігіп, құрақ құрған, ал әпкелерім осы сұлулық салондарында қызмет етеді. Содан өзіммен тете өскен әпкеме еліктеп, «өзімнің де икемімнің бар болғаны шығар» әуелгі тұста үйімнің бір бөлмесінде ұлдардың шашын қиюдан бастадым. Бірақ, ауыл кішкентай, сондықтан көбі келе бермейді, ал олай болған жағдайда қаражат жағы да қолды байлап, жұмысым да тұралап қалды,- дейді әңгімесінде.

Міне, тапқан таянғаны күнделікті пендешілік тіршілікпен жұмсалатындықтан, кейіпкеріміз округ әкімшілігінің жанынан қоғамдық жұмыстарда жұмыс жасапты. Бірақ, ол да тұрақты болмағандықтан, отбасы үшін еңбек етіп, қай нәрсеге төтеп берген.

Содан, «Еңбек-бәрін жеңбек» демекші, еңбектеніп, тәуекелге бел буып, өткен жылы мемлекеттің бағдарламасы аясында кәсіпкер лік бағытта сауатын ашып, соған қол жеткізіп, бүгінде ауылда шаш сәндеу жұмысына алдына жан салмайтын кәсіпкер болды. Себебі таяуда еңбегі еленіп, округ әкімшілігінің Алғыс хатына ие болды. Қазір жұмысқа қажетті керек-жарақтарының бәрін қайта жаңалаған кәсіпкердің бөлмесі көз тартарлықтай. Ішінде керек-жарақтың бәрі бар. Тіпті, ауылдағы ағайындарға қолжетімді бағамен қызмет көрсетеді.

Айта кетерлігі, кәсіпкерге салоны ішінде судың болмауы кедергі келтіріп тұрған көрінеді. Ал ол жақында арада шешіледі деп округ әкімі уәде беріпті. Отбасында аяулы ана атанған Жаңаша Оралқызы жолдасынан ертерек айырылса да өмірге әкелген қос ұлы мен қос қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Ал олар да бүгінде бір-бір үйінің иесі.

Кәсіпкер қолы жеткен жетістікпен тоқтап қалмай әрі қарай бизнесін кеңейтпек ниетте. Біз де соған тілекшіміз.

Диас АЙБАР

Бөдене ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521