Халық көптен күткен саяси науқанда индерліктер белсенділік танытуда.
Индербордағы көп бейінді колледжде орналасқан № 113 сайлау учаскесіне жолымыз түскенде осы жайды байқадық. Мұнда баспасөз саласының ардагерлері, Қазақстанның Құрметті Журналисі Кеңес Сахи мен жұбайы Төлеу Ербөлекова ең алғашқы болып даусын берді.
Бұл учаске колледж маңындағы Қазақстан, Махамбет, Тайсойған көшелерімен қатар, жаңа қалыптасып жатқан "Болашақ" мөлтек ауданын қамтиды. Жалпы учаске бойынша 1855 адам тіркелген.
Аталмыш референдум учаскесінің төрағасы Гүлфара Әбіловадан білгеніміздей, сағат 12.30-ға дейін 820 адам дауыс берген. Бұл дегеніңіз учаскедегі сайлаушылардың 44 пайызы деген сөз. Кент тұрғындарының еліміздегі айтулы күнге бей-жай қарамай, белсенділікпен атсалысып жатқандығы қуантады.
С. Сансызбайұлы