
Тегін білім беру бағдарламасы аясында оқушылар үшін қызықты интерактивті тәжірибелер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Шара барысында балалар физика, химия, робототехника және инженерлік бағыттарда тәжірибелер жасап, ғылым әлемімен жақын танысты.

Индер аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, жобаның басты мақсаты – оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіру және ғылымға деген қызығушылығын арттыру.

Іс-шара барысында қор өкілдері зертхананың мүмкіндіктері мен заманауи жабдықтарын таныстырып, тәжірибелік жұмыстар жүргізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, STEAM Tulpar мобильді зертханасы еліміздің түрлі өңірлерін аралап, ауыл мектептеріндегі оқушыларға сапалы білімге тең қолжетімділік ұсынуды көздейді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

