Индерде спорт күні тойланды

Спорт күніне орай аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Спорт – сенімді серігім» атты жас спортшылар арасында эстафета өтті.

Шараның ашылу салтанатында аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі әдіскері Жадыра Серікқызы аудан абыройын асқақтатып, спорт әлемінде өшпес із қалдырған, талай додаларда бағын сынап, ел мерейін үстем етіп жүрген тұғырлы өлкеміздің талантты спортшыларын атап өтіп, сала өкілдерін мерекемен құттықтады.

Мерекеге орай аудандық кітапхана «Спорт – ел намысы, денсаулық айнасы» атты кітап көрмесін жасақтап, таныстырды. Кітап көрмесіне Е.Мұхиддиновтың «Қазақ күресі», Т.Досмұхамбетовтың «Намыс сардары», М.Болғамбаевтың «Қазақтың ұлттық спорт түрлері», А.Нсанғалиевтың «Ұшқыр доп және теңбіл доп», «Футбол сиқыры» кітаптарымен қатар қазақ олимпиадашылары мен спортшылары туралы, сондай-ақ, қазақтың ұлттық ойындары туралы кітаптар қойылды. Ойынға спорттың әр түрінен жиналған 6 команда қатысты. Жас спортшылар кедергілерден доппен өту, секіртпемен жүгіру, «Кім жылдам?» ойын түрлері бойынша сынға түсіп, шарға жасырылған мақалдың жалғасын тауып, логикалық сұрақтарға жауап берді. Эстафета соңында арқан тартыс ойынында сынға түсіп, қабілеттерін шыңдады. Тартысты өткен жарыс қорытындысымен кент пен Жарсуат ауылының өрендері көзге түсті.

Жеңімпаздар диплом, медаль және кубокпен марапатталды.

Ж.Нариманова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT