Мемлекет басшысы өзінің кешегі Жолдауында «Озық агроэкономикаға көшу үшін үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек», - деген болатын.
Индер ауданында салаға құйылған инвестицияның арқасында «Асыл-Агро», «Мол», «Али», «Еспосинов», «Гумаров Адлет» шаруа қожалықтары 254 га жерге жаңбырлатып суару әдісін қолдана отырып көп жылдық жоңышқа өсіріп келеді. Ал 29 шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісін қолдана отырып 485 га жерге картоп, бау-бақша дақылдарын еккен. 2024 жылмен салыстырғанда 35%-ға артып отырғанын сала мамандарының келтірген деректерінен аңғардық. Инвестициялық субсидия бойынша 5 шаруа қожалығы 14 202 174,29 теңгенің құрал-жабдықтарына қол жеткізген.
Осы маусымда аудандағы 35 шаруа қожалығы және жеке секторды қоса алғанда барлығы 1387 гектарға егін егу жұмыстары жүргізіліп, 761,8 тонна өнім орылған. Өткен көктем мезгілінен бері ауданда 36 рет жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Олардың қатарына көршілес Махамбет ауданының «Дастан» шаруа қожалығы да қосылып, өздері дайындайтын бау-бақша өнімдері мен картоп дақылдарын ұсынып келеді. Нәтижесінде тұтынушыларға 28 млн 423 мың теңгенің өнімі сатылған.
С.Көшеков