«Ауыл – ел бесігі. Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Біз ауыл инфрақұрылымын жақсартуға, жастарға жағдай жасауға, ауылдағы өмір сапасын арттыруға баса мән беруіміз қажет», – деп атап өткен еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар жиындар мен құрылтайларда сөйлеген сөзінде.
Осы бағыттағы игі істердің бірі ретінде, Индер ауданында бірқатар спорттық инфрақұрылым нысандарының құрылысы қолға алынбақ. Атап айтқанда, Индербор кентінде заманауи талаптарға сай 136 адамға арналған спорт кешенінің құрылысы сәуір айында басталуы жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа кешенде футбол алаңы мен ангар типті күрес залы, ерлер мен әйелдерге арналған киім ауыстыру бөлмелері, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға лайықталған жуыну бөлмелері, сондай-ақ дәрігер мен жаттықтырушыларға арналған кабинеттер қарастырылған. Бұл – аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына және спортпен тұрақты шұғылдануына үлкен мүмкіндік.
Құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша конкурс нәтижесінде “АймарСтройСервис” ЖШС мердігер мекеме ретінде таңдалып, тиісті келісімшарт бекітілді. Ал техникалық бақылау жұмыстарын “Building Control” ЖШС жүзеге асырады. Жоба 10 ай ішінде толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Индер аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Мирас Ибраевтың айтуынша, бұл тек бастамасы ғана. Биылғы жылы Бөдене және Елтай ауылдарында да спорт кешендерінің құрылысы қолға алынбақ. Қазіргі таңда бұл нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, мердігер ұйымдар анықталған.
Бұл бастама – аудандағы бұқаралық спортты дамытуға, жастарды дене шынықтырумен айналысуға ынталандыруға және спорттық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
"Дендер"-Ақпарат