2025 жылдың 17 мамыр күні Есбол ауылында кіші аяқ доптан «Yesbol Cup» атты турнир ұйымдастырылды. Шараны ауыл азаматтары өз күштерімен өткізіп, аудан көлеміндегі спортсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырды.
Турнирдің ашылу салтанатында Индер ауданы әкімінің орынбасары А.Мурзин және Есбол ауылдық округінің әкімі А.Тілекқабыл сөз сөйлеп, қатысушы командаларға сәттілік тілеп, спорттың дамуына үлес қосып жатқан азаматтарға алғыстарын білдірді.
Жарысқа аудан бойынша барлығы 12 команда қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Турнирдің басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту және ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ету болды.
Турнир қорытындысы бойынша «Бөдене» командасы бас жүлдені қанжығаласа, «Өрлік» командасы ІІ орын, «Барлаушы» командасы ІІІ жүлделі орындарға ие болды.
Жекелегей көзге түскен Ержан Самиғоллаев – «Үздік қақпашы»(«Барлаушы» командасы), Азамат Біржанұлы - «Үздік сұрмерген» («Бөдене» командасы), Жұмабек Ахметжан – «Үздік ойыншы» («Өрлік» командасы) номинациясын иеленді.
Ауыл жастарының бастамасымен өткен бұл турнир – спорт арқылы бірлікті нығайту мен салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі болды.
Ақмарал БОКИРОВА
Индер ауданы