Мәуліт мерекесі қарсаңында Алла-тағаланың соңғы елшiсі Мұхаммед пайғамбардың ізгі амалдары насихатталып, игі шаралар ұйымдастыру дәстүрге енген. Биыл аталмыш мерекеге орай «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының бастамасымен Жарсуат ауылындағы аз қамтылған 50 тұрғынға азық-түлік таратты.
Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы мешітке жиналған жарсуаттық жамағатқа Пайғамбардың игі амалдарының бірі - қайырымдылық екендігін айта келе, бұған дейінгі игі шаралар облыстық «Иманғали» мешітінен ұйымдастырылып келсе, енді ауылдық өңірлерді қамтуға ниет етіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар бұл күндері осы ауылдың тұрғыны Жиенғали Хамидуллин жылқысын сойып, ауылдағы аз қамтылған отбасыларына таратып берген екен.
-Алла-тағала сауабын берсін, бұл азамат жылда осылай қайырымдылық шараларына белсене араласады. Биыл осымен 7–ші рет малын сойып көпшілікке таратып отыр, - деді Жарсуат ауылдық мешітінің бас имамы Құраш Рысбаевпен сөйлескенімізде.
Аудандық «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиев ұлық мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір үлкен сеп болатынын, аудан орталығындада мұндай шаралардың жалғасып жатқандығын, мысалы, жақында ғана азқамтылған 20 отбасының балалары қысқы киіммен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
С.БАЗАРБАЕВ
Жарсуат ауылы