Елдің ерге көмегі

Отағасынан ерте айырылып, мүмкіндігі шектеулі ұлын бағып отырған өрліктік Болған Ғаббасованың отбасы баспана тауқыметін тартып келген жанұялардың бірі болатын. Тұңғышына мүгедектігіне байланысты берілетін жәрдемақымен ғана күнелтіп отырған жанұяның жанайқайына ауданның еріктілері Қуат Жанесеев, Асхат Талтаев және Гүлбаршын Қожағалиева елдің назарын аудартып, баспана алып беру бастамасын көтерген-ді.

Жомарттықты жаны сүйетін жұрт бастамаға лезде қолдау көрсетіп, мүмкіндіктеріне қарай қаржылай үлес қосты. Айналдырған үш күн ішінде баспанаға қажетті қаржы жиналып, сатып алар баспана да табыла кетті. Оған Атырау облыстық «Иманғали» мешіті де қолдау білдірді. Ойда жоқта жанға жайлы үйге қол жеткізген жанұяның елге айтар алғысы да шексіз.

-Бүгін үлкен қуаныштамыз. Алланың қалауы мен халқымыздың қолдауы арқасында баспаналы болып жатырмыз, - дейді ана.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ұйытқы болуымен өмірге келген «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша биылғы жылы 307 баспана кілті беріліп отырса, Атырау облысы бойынша 18 баспана кілті мұқтаж жандарға тапсырылған.

alys

Шараға облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысқанұлы арнайы қатысып, халықтан жиналған қаржының бір бөлігін отанасына табыстап, шаңырақ шаттығы молая беруіне тілегін білдірді.

-Биылғы жыл елімізбен қатар әлем бойынша ауыр жыл болып отырғанын баршаңыз да білесіздер. Қиындықтан шығу тек бірлескен іс-қимылдың арқасында ғана жүзеге асырылады. Осынау қиын-қыстау сәтте атыраулықтар «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, тарыққан жандарға қолұшын созу арқылы жомарттық танытып жүр. Тіпті бірқатар азаматтар өздерінің аттарын атамай-ақ мешіт жанындағы «Зекет» қорына қолдау көрсетуде. Осының өзі қазақы қанымыздағы қасиеттің жоғалмағанын көрсетеді. Бекем бірлігіміз тарқамай, талай биік белестерді бағындыра берейік дегім келеді, - деді мұнайлы өңірдің бас имамы.

Біз де баспаналарының құтты, бастарының аман болуын тілейміз.

С.КӨШЕКОВ

Өрлік ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521