Елден-бақыт,жерден жақұт тапқан жан

Су кәсібі – құрметті, қарапайым және өте маңызды кәсіп. Су шаруашылығы саласының қызметкерлері елдің су ресурстарын пайдалануды, есепке алумен, жоспарлаумен және басқарумен, лайланудан, сарқылудан сақтап келеді.Әсіресе, сала ардагерлерінің өнегесі мен өмірлік тәжірибесінің берері зор.

  Солардың бірі – ауданның Құрметті азаматы Қарабалин Нұғыман Қарабалаұлы 90 жасқа толды. Үш отыздықты бағындырған ақсақал осы ме[1]рейжасына орай туған жері жотасы биік Дендерде болып, жерлестерімен жүздесті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Елден бақыт, жерден жақұт тапқан» тақырыбында өткен кездесу ардагердің өмір жолынан сыр шертетін бейнефильмді тамашалаумен ашылды.
  Сондай-ақ Атырау облысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұханбетұлы арнайы құттықтау сөз сөйлеп ,иығына шапан жапты
  Аудан әкімі Дарын Шамұратов алғашқы сөзді алып, аудан халқының атынан құттықтап, шапан жауып, сый-сияпат ұсынды.

  -Халықтан қалған тәмсіл бар. "Қиын кезеңдер ұлы адамдарды туғызады". Балалық шағы соғыспен, соғыстан кейінгі уақытпен тұспа-тұс келсе де мойымай, өзінің қайраткерлік, күрескерлік жолымен еңбекте өзін-өзі шыңдап, осындай жетістікке жеткен ағамыздың еңбегін насихаттау кейінгі буынға, әрине, керек деп есептейміз. Еңбек адамына деген құрмет қашанда құнды болып табылады. Сондықтан бүгінде кешегі бейнетінің зейнетін көріп отырған жерлес ағамызды мерейжасымен шын жүректен құттықтаймыз,-деді аудан басшысы. Сондай-ақ, ол Атырау облысның Құрметті азаматы, ақсақалдың ізетті інілерінің бірі Қатимолла Ризуановтың құттықтауын оқып берді.
  Өзінің алғашқы еңбек жолын су шаруашылығы саласы кеңінен дамыған Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс-Түркістан каналының құрылысында мастерліктен бастап, кейін прораб, учаске бастығы қызметтерінде болып, кәсіби шеберлігін шыңдады. Жалындаған жастың еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігін ескерген Қазақ КСР су шаруашылығы министрінің жолдамасымен Гурьев құрылыс-монтаж басқармасына прорабтық қызметке жіберілген. Міне, содан бері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып, зейнеткерлік демалысқа шықты.
  Ақсақалды тұрғыластары мен замандас інілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері құттықтады.

  Солардың бірі, белгілі гидротехник, мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаев өз құттықтауын терең толғаныспен жеткізді.
  – Су деген – өмір. Сусыз өмір болмайды. Сондықтан Нұғыманның ел алдындағы үлкен қызметі орындалды деп бағалау керек. Суармалы жер, жайылымдарды суландыру, халыққа су, малға жем дайындау, шөп дайындау деген өмірдің өзекті мәселелері толып жатыр. Ол үшін, ең алдымен, қажеттісі су емес пе? Осы Атырау аймағын суландыруда Нұғыманның еңбегі ерекше. 70 жылға жақын Атырау өңірінде қызмет жасады,-деді ол.
  –Бұл кісі – өте еңбекқор, өте қажырлы адам. Ағадан үйренгеніміз көп болды. Әрі жастарға үлкен сенім арта білетін. Кісіні тани алады. Еңбекке баулудың хас шебері. Бүгін міне, туған өлкесіне келіп, өзінің 90 жасын өткізіп жатыр. Деніне саулық, отбасына амандық тілеймін,-деп қостай сөйледі елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, танымал меценат Төкен Танаұлы.
  Туған жер төсінен бала болып кетіп, бұл күнде есімі елге кеңінен тараған ақсақал болып оралған 90 жастағы Қазақ КСР еңбек сіңірген гидротехнигі Нұғыман Қарабалаұлы да туған халқына өзінің ризашылығын білдірді.

  – Еңбек адамды шынықтырады. Сол ебек мені осындай абыройға жеткізді. Мен елімнің болашағына, бүгінгі жастарға сенемін. Сенім бар жерде барлық жақсылықтың болары анық. Сол жақсылықты бірге көруге жазсын, -деді ақсақал өз сөзінде.
  Еңбек адамына көрсетілген құрметті шарада Еркін Әубәкіров әуелетіп ән салса, домбырашы Серік Нысанов бабалар күйін төкпелетіп өтті.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521