Елбасы салған сара жол

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай 27 қараша күні аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.

Салтанатты шараны бастап сөз алған аудан әкімі Мейірім Қалауи Ұлт көшбасшысының бастамасымен жоспарланған жұмыстар лайықты дәлелденіп облыс, аудан көлемінде жүзеге асырылған істер Елбасы бастамасының жарқын көріністері екенін тілге тиек етті.

Осы ауданның жан жақты өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдеріне «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағын табыс етті. Аудандық мәслихат сессиясының шешімі бойынша осынау марапатқа ие болғандардың қатарында мәдениет саласының көрнекті өкілі, күйші Мұрасқали Тілегенов, зейнеткер-ұстаз Жеміс Құбашева, зейнеткер-дәрігер Шолпан Мұхамедиярова бар. Кезінде уақытпен санаспай, халыққа қалтықсыз қызмет еткен аға буын осынау марапат табысталған сәтте көрермен ықыластана қол соғып, мәслихат депутаттарының оңды шешімін қуаттап жатты.

kurmetti-azamat

Сондай-ақ, аудан басшысы әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарға Алғыс хат табыстады. Айталық «Қазпошта» АҚ Индер бөлімшесінің инкасаторы Жұмабай Мұқанов, «Жасыл аймақ» ЖШС эколог-маманы Айдана Бисенбаева, Өрлік дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Әсем Кенжеғалиева, балалар және спорт мектебінің жаттықтырушысы Әділбек Құтқожин осы марапат қатарынан көрінді.

algys-khat-tabystau

Аудандық мәслихаттың хатшысы Бағдат Сапаров депутаттар корпусының атынан құттықтап, мәслихаттың Алғыс хатымен Индер газ тарату шаруашылығы мекемесінің темір шебері Нұрлан Изғалиевті, Индер көпбейінді ауылшаруашылығы колледжінің математика пәнінің мұғалімі Гүлшат Икембаеваны, «Индер су» мекемесінің есепшісі Сандуғаш Құбашеваны, Жарсуат ауылдық мәдениет үйінің директоры Ерлан Өтекеновты марапаттады.

bish3ler-bi3

Айтулы шараға облыс орталығынан Академиялық Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрі келіп өз өнерлерін паш етті. Өткен бабалар ғұмырынан сыр шертетін күйлер мен әуезді әуенге толы сыршыл әндерді паш етіп көптің ықыласын арттырды. Осы жерде аудан басшысы Мейірім Жоламанұлы бірнеше күннен бері ауданымызда гастрольдік сапармен жүрген өнер ұжымына аудан халқының атынан алғыс айтып, ықылас гүлін сыйлады.

orkestr-dina

Талай өнер додаларында топ жарып, атағы алысқа кеткен шығармашылық ұжым директоры Сағынтай Көпжасаровпен тілдескенімізде елге деген ықыласын білдіріп өтті.

-Жалпы Дендер жері - өңірдегі қасиетті, топырағы киелі, көптеген таланттарымызды қанаттандырған, асылдарымыздың мүрдесіне шырақшы болып отырған ел ғой. Бүгінгі концертке дейін Бөдене, Жарсуат, Есбол, Өрлік ауылдық округтерінде болып өнер көрсеткен болатынбыз. Шыны керек, биылғы пандемия көрерменмен тығыз байланыс орнатуға тұсау салған болатын. Халық өнерді қатты сағынғаны байқалды. Қай ауылдық-округке бармайық тұрғындар ыстық ықыласпен қабылдап, өнерге сусаған көңілдерін әрлендіріп алғысы келіп жатты. Сөз жоқ мұның өзі халық барда ұлық өнер ұлықтала беретінін айғақтай түседі. Біздің шығармашылық өнер көрсету бастамамызға бірден қолдау көрсеткен, жанашыр басшы, іскер азамат Мейірім Қалауиге шынайы көңілден алғыс айтқымыз келеді. Үлкен қимастық сезіммен аттанып бара жатырмыз,-дейді өз сөзінде.

bayan-i-dombyra

Аудан өнерпаздары да өз өнерлерін көрсетіп, көптің көңілін көтерді. Ел арасында кеңінен таралған әндер мен билер орындалды.

Шараға жиналған әрбір азамат Елбасы салған сара жолдың елдің еңсесін тіктеуге негіз болғанын айрықша атап өтіп жатты. Яғни көптің көңілі елдік мүддемен астасып жатқандай болды.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521