"Жыл сайын осы салтанатты жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерге құрмет көрсетеміз" деген мемлекет басшысы қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
"Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл – шын мәнінде, жоғары көрсеткіш".Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің мәлімдеуінше, осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті, яғни бұл – еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз.
Президент индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келе жатқанын баса айтты.
"Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Өңдеу кәсіпорындарын дамытуға барынша жағдай жасалды. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке түсетін салық 5 есе артты. Осылайша, бизнес өкілдері мемлекеттің сенімді серіктесіне айналды", – деді президент.
Бұған қоса ол биыл жаңа экономикалық үлгіге көше бастағанымызды, ең алдымен, экономикамызда әділдік болуға тиіс екенін атап өтті.