Аудандағы ашық аспан астындағы қазба байлық мұражайының бірі – Димаштөбе. Мұндай тарихи-мәдени кешендерді дамыту арқылы өңірдің туризм саласының қарқыны көрінетіні белгілі.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің ауданға сапары барысында тарихи орынды қайта жаңғыртып, ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру, өңірлік туристік картаға енгізу жөнінде тапсырма берілді. Осыған орай, күні бүгінде жаңа жоба жасалып, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жариялануда. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясовтың айтуынша, «Мәдениет объектілерін дамыту» бағдарламасымен Индер ауданы Индербор кентіндегі «Димаш төбе» тарихи орнына ашық мұражайдың және Индер ауданы Жарсуат ауылдық округі «Қарой» учаскесінен мәдени орталықтың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Құрылыс жұмыстарына қаржы сұрату мақсатында Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім дайындалуда екен. Жоба бойынша ашық аспан астындағы мұражайдың кіре берісінде арка пішінді маңдайшаға «Димаш төбе» атауы жазылып, сол жақ қабырғаға сол кездегі ескі фотосурет салынса, оң жағына мұражай ақпараты жазылады.
Ал, мұражай ішіне Дендер күмбезінің қазба байлықтары, минерал тастар мен рудалар қойылған бірнеше тас жәшіктер мен екі үлкен күмбезді композиция орналастырылады. Айта кетейік, бұл мекен бұрын «Оңдасын жалы» деп аталып, Индербор кентінен шығысқа қарай 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал 1978 жылы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан КП ОК І хатшысы Д.А.Қонаевтың ауданға сапары кезінде, Индер жеріндегі қазба байлықтың мол қорымен таныстыру мақсатында мұражай ұйымдастырылған екен. Дінмұхамед Қонаев мұражайды аралап, жұртшылықпен пікір алмасқан бұл дөң кейін «Димаш төбе» аталып кеткен.
Н.ЖАДЫРА