Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында медицина саласына айрықша көңіл бөліп отыр. «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса наар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау керек. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған» -деп айрықша атап көрсеткен болатын. Жалпы еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда аталған ауылдарда медициналық және фельдшерлік акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Салаға айырқша көңіл бөлген Президенттің Жолдауын Бөдене ауылдық дәрігерлік амбулатория дәрігерлері айрықша қуанышпен қабылдап отыр.
Аға дәрігер Ұлжан Ізтелеуованың сөзінен ұққанымыздай, дәрігерлік амбулатория да 1 аға дәрігер, 6 мейірбике, 1 фельдшер, 1 кіші буын қызметкер, 1 автокөлік жүргізушісі еңбек етуде. Екі кереуеттік күндізгі аурухана жұмыс істеуде.
-Балалар арасында тұмау, іш өту, қызулау аурулары тіркеліп отырса, әйелдер арасында қан аздық, бүйрек аурулары тіркеліп отыр.Барлығы 1500 жуық халық мекен ететін ауылдық округте бала туу жасында 210 әйел тіркелді. Күні бүгін 34 ана жүктілік есебіне алынып отыр. Ал жасқа дейін 40 үстінде сәби бар. Оларға қажетті емдеу шаралары тұрақты көрсетіліп келеді. Күніне 5-10 шақыртулар түседі. Оған қажетті жедел жәрдем автокөлігі де кідіріссіз жүріп тұр,-дейді.
Аға дәрігердің айтуынша, қазір ауыл халқының денсаулығы қалыпты көрінеді. Бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырған ақ халаттылар Жолдауда атап көрсетілген ұлттық жоба аясында көптеген игілікті істердің жүзеге асарына сенім білдірді.
С.КӨШЕКОВ,
Бөдене ауылы