Бөдененің бағыты айқын

Президент тапсырмасына орай елімізде әкімдердің халық алдында есеп беру науқаны жүруде. Бөдене ауылында өткен жиында да тұрғындар толғандырған сұрақтарына жауап іздеді.

 -Мемлекет басшысының Жолдауы жұмысымызға жаңа серпіліс берді,-деп бастаған Бөдене ауылдық округінің әкімі Жанболат Ғизатов өткен жылы атқарылған істерге тоқталып, алдағы міндеттермен таныстырды. Бүгінгі таңда ауылда 1526 адам тұрады. Оларға жыл ішінде «Айсұлтан» шаруа қожалығы арзан бағамен жергілікті ауыл шаруашылық өнімдерін, ал жеке кәсіпкер, Қуаныш Ақпасов картоп, көкөністерді арзан бағамен сатыпты.

Дәстүрлі «Мектепке жол» акциясында кәсіпкерлер ауылдың әлеуметтік әлсіз топтарына көмек көрсетсе, «Медет», «Қайтпас», «Қаратоқай» шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкер Г.Ермұханова көп балалы, аз қамтылған отбасылары мен зейнеткерлерге 2020 жылға «Дендер» газетіне жазылуына демеушілік жасапты. Сондай-ақ ауылда тұрғындарды жұмыспен қамту табысты жүргізілсе, 37 адам ақылы қоғамдық, 1 адам әлеуметтік жұмыспен қамтылса, балабақша мен мәдениет үйінде барлығы 57 адам тұрақты жұмысқа орналасыпты.

Білім беру саласында ауылдағы мектепте 269 оқушы білім алады, техникалық жағдайы да жаман емес. Ал 100 орындық «Балбөбек» балабақшасында қазіргі уақытта 4 топта 98 бала тәрбиеленіп, оларға 37 адам қызмет көрсетеді. 5 дәрігер, 6 техникалық қызметкер жұмыс жасайтын дәрігерлік амбулаторияда бруцеллез, туберкулез ауруымен ауыратын бір-бірден науқас тіркеліпті. Округ тұрғындары тарапынан баспана салушылар қатары жыл сайын артқанымен, 117 адам тұрғын үй үшін жер телімінде кезекте тұр. Ауыл орталығындағы екі қабатты ғимаратта оқушылар спортпен шұғылданып, нәтижесінде 6 жасөспірім еркін күрестен спорт шеберіне үміткер, 2 жасөспірім Қазақстан чемпион атының жүлдегерлері атанды.

dsc_1590

Болашақта жастарды күреске, боксқа бейімдеу мақсатында ауылдан арнайы бөлек жабық спорт кешенін салу керек екен. Ауылда ауыр қылмыс болмағанымен, 50 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталып шарасы алынған. Әкімнің есепті кездесуін мұқият тыңдаған тұрғындар реті келгенде өз жағдайларын айтты. Карьерден топырақ таситын «КамАз»-дар жайылымдық жерді бүлдіріп болды деген Орақ Хихимов тұрғындар жылдар бойы осы мәселенің жайын жеткізгенмен, әлі күнге дейін бір нәтиженің болмай отырғанынан хабардар етті. Сондай-ақ осыған тосқауыл болмаса, ертең-ақ бұл жерлерде мал жайылмақ түгілі адам тұруға мүмкіндік болмай қалуы мүмкін екендігінде жасырмады.

Сонымен қатар мұғалімдердің әлеуметтік шығындарын төлеу үшін берілетін қаражаттың көлемін өсіруді, бұрындары кірген адам шыққысы келмейтін, жұмыр жердің жұмағы болған тоғай мәселесін, ауылдағы Кеңестік дәуірден қалған ескі ғимараттардың орнын тазалауды сұрады. Ал Жанымзия Бөралиева қызын тұрақты жұмысқа алуды және баспана мәселесін көтерсе, Әзидолла Өтеғалиев «Алғабас Жорық» каналының жөндеу жұмыстары бір деңгей еместігіне ашынды. Ал ардагерұстаз Мәриям Есқазиева ауданда жасалған жұмыстарға оң бағасын беріп, мектепті автокөлікпен қамтуды, тұрғын Санақ Қозыкеев аудан әкімінің жұмысына өз ризашылығын білдірді.

Жиын соңында аудан әкімі Мейірім Қалауи ауданда өткен жылы орындалған жұмыстарға шолу жасап, алда атқарылатын жұмыстардың негізіне тоқталып, карьерлердегі кәсіпкерлерге қолдан келген көмекті көрсеткенмен, керісінше, олар халыққа зиянын тигізіп отырғандықтан, енді оны жабу үшін жұмыстар жүргізілетінін, каналды жөндеу жұмыстары толығымен аяқталмағанын, тұрғын үйдің екі жағдайда берілетінін айтып, тұрғындар сұрағына жауап беріп, бөденеліктерге ыстық ықыластары үшін алғысын білдірді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521