Ұлттық спорт күніне орай Индер аудандық спорт кешенінде қызықты спорт ойындары өтті.
Спорттық шара алдымен ұлттық дәстүріміз — тұсаукесу рәсімінен басталды. Тәй-тәй басқан кішкентай бүлдіршіннің тұсауын аудандық мәслихат депутаты, "Аманат" партиясы аудандық ұйымының басшысы Дәурен Сағынғалиев кесіп, ақ тілегін арнады.
—Бұл менің кішкентай шөберем Хадия Алтынбекқызы. Ұрпағымның жалғасып, шөберемнің осындай қызығын көру, әрбір ата-анаға бақыт емес пе! Келінім Ізім Жәния дзюдо спортынан талай байрақты бәсекелерде жеңіске жетіп еді. Енді тиісті оқуын аяқтап келіп, балалар спорт мектебінде шәкірт тәрбиелеуде. Жас спортшыларға байрақты бәсекелерде жеңіске жетіп, туған жеріміздің атын шығара берсін. Ұлттық спортымызда дами берсін. Елімізге тыныштық пен бірлікте болуына тілектеспін. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! —деп, бүгінгі шараға қатысқан Жаңыл әже ақ батасын берді.
Тұсаукесерден соң балалар спорт мектебінің шәкірттері қазақ күресі, арқан тарту, асық ату секілді ұлттық спорт түрлерінен қызықты да тартысты сайысқа түсті.
С. Сансызбайұлы