Қазақтың бард ақыны Табылды Досымов осыдан 30 жыл бұрын Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына барған еді. Міне, арада осыншама уақыт салып, ақынның асқақ жыры айрандай ұйып, қазақы болмысы жоғалмаған тамаша өлкеде тағы да асқақтады.
-Моңғолиядағы Бай-Өлке қаласына барып, сондағы қандас ағайынға Табылдының әндерін тыңдатсақ деген арманымыз бар еді. Сол арманымыздың Құдай қолдап орындалатынына сеніміміз мол болды. Тәңірге тәубе, сол күнге де жеттік. Киелі мекенге табан тигізіп, табиғатына көз сүйсіндіріп, қандас ағайынмен қауқылдасуға тағы бір себеп болды. Ол - Баян-Өлгей тумасы, қазақ бауырымыз Серік Бердімұратұлының сонау Америкадан жеңіспен оралып, Мемлекеттік піл палуан атағын алуына арналған ұлан-асыр тойдың ұйымдастырылуы еді. "Мылтықтың басуына, құралайдың қасуы дөп келді" деген осы шығар. Ол тойда палуан бауырымызға арнайы алғыс хат тапсырып, иығына шапан жауып біз де қүрметімізді білдірдік,- дейді Табылды Досымов атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Бижан Қалмағанбетов.
Оның айтуынша, ертесіне Дүниежүзілік қазақтары қауымдастығының және Ақтөбе облыстық әкімшілігінің қолдауымен, Табылды Досымов атындағы қоғамдық қордың ұйымдастыруымен Моңғолия елінде Баян-Өлгей жерінде қаймағы бұзылмаған қалың қазақтарға арнап Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған "Мен қазақпын" атты керемет кеші өткен. Елімізден барған делегация құрамында Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығының кеңесшісі, құрылтайшылары Хожамұратова Қарлығаш Бекпатшақызы, Дәурен Қалиханұлы, Ақтөбе облыстық маслихатының депутаты, кәсіпкер-мецанат Естай Сейсенбаев, ҚР мәдениет қайраткері Жоламан Көшкінов, ақын, сазгер, ҚР Мәдениет саласаның үздігі Орал-Қосай Байсеңгір, әнші Асхат Әмірғалиев, тұлпардың тұяғы әнші Абыл Аяш Табылдыұлы, ақын, республикалық "Аристократ" журналының бас редакторы Наурызбек Сарша және өзге де өнерпаздар болып, көрікті шараның көрігін қыздырған.
Еліміздің өнер саласындағы белді әншілер қатысқан ән кешінде жиналған жұрттың қарасында есеп болмай, Атамекенге деген сағынышын, әуелеген әнмен басқан, көңіл көлін тербеткен рухани кешке айналыпты.
Бұйырса қордың мұрындық болуымен осындай кеш Атырау қаласында өтеді деп жоспарлануда деген сүйінші хабардың ұшқыны да шығып отыр. Ендеше, сол кеште кездескенше, ағайын!
Жан Аман