Ауылды қолдайтын жоба

Бүгінде елімізде жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдіктер, несие мен гранттар бар.

Соның бірі – «Ауыл жастарының азаматтық белсенділігін дамыту бағдарламасы». Жобаны облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Жаныңдамын» қоғамдық қоры ұйымдастыруда. Мақсаты – шағын әлеуметтік жобалар арқылы ауылдық елдімекендердің әлеуметтік проблемаларын шешуге жергілікті қоғамдастық мүшелерін, бастамашыл топтарды тарту.

Аталмыш жоба ауылдық жерлерде инженерлік-инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсету, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, ауылдарда туризмді дамытуға ықпал ету, тарихи орындарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар, балалар, жастар, ауыл тұрғындарының біліктілігі мен шығармашылығын дамыту, жергілікті тұрғындардың мәдени дамуына жағдай жасау, оның ішінде ақпараттық орталықтардың жұмысына қолдау көрсету немесе ұйымдастыру, мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдай жасау бағыттарын қамтиды. Жоба ережесіне сай 16-35 жас аралығындағы кез келген жас өзінің әлеуметтік жобасын 1-14 шілде аралығында ұсынып, үздік жобалар анықталды. Аталған жоба аясында индерлік екі азаматтың жобасы үздіктер қатарынан табылып, әрқайсысы 1 млн теңгелік грант ұтып алды.

Атап айтсақ, грант жеңімпазы Дәурен Сағынғалиев «Тұздыкөл жағалауының туризмін дамыту» жобасын ұсынып, Тұздыкөл жағалауында туризмді дамыту үшін арнайы белгілер, бесеткалар, дәретхана, қоқыс төгетін жәшіктер мен төменгі жерде бұлақ ағатын жерге ағаш отырғыштар орнатып, халыққа қолайлы жағдай жасау арқылы әлеуметтік мәселені шешуді ұйымдастырып отыр. Ал, екінші грант иегері Нұрсұлтан Нұрғалиев кенттегі көпқабатты үйлер алдына арнап «Жайлы отырғыштар» жобасын ұсынған. Жоба аясында Нұрманов көшесіндегі көпқабатты үйдің алдына 20 дана отырғыш орнатты. Осылайша, аудан жастары туған жерін абаттандыру жұмыстарына өз үлестерін қосуда.

Ж.НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT