Алтын құрсақты ана

Индер жері небір дарындылар мен таланттар мекені екені даусыз. Ел даңқын асырған, әлі де әр салада еліміздің туын желбіретіп жүрген саңлақтарымыздың бәріне алтын құрсақ аналарымыз жарық дүние сыйлаған. Сондықтан да біз бүгін еліміздің даңқын шет мемлекеттерде асқақтатып жүрген жас спортшы Сырбаз Талғаттай алыпты дүниеге әкелген анасы Анархан Орынбаева туралы сыр шертпекпіз.

Анархан Орынбайқызы – Аққала ауылының тумасы, қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Орынбай Қорғанбаев ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері болса, анасы Зиба Есқалиева зейнетке шыққанша ұстаздық қызметте болған. Кейіннен жолдасымен бірге сауда саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Отбасында 7 ағайынды болса, Анархан Орынбаева – үйдің жалғыз қызы.

Мектепті тәмамдаған соң 1984-1988 жылдар аралығында Ақтөбе мемлекеттік университетінде білім алады, кейін оқуын Атырау мемлекеттік университетінде жалғастырып, 1992 жылы мұғалім мамандығын бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын ауыл фельдшері болып бастаған оған ауыл шағын әрі өзінің қалаған маман иесі болғандықтан жұмысы еш қиындық тудырмапты. Кейіннен мектеп-интернатта тәрбиеші болып істеп, балалармен жұмыс жасаған. 1994 жылдан бастап Аққала орта мектебінде биология пәнінен сабақ беріп келеді. Бүгінде жары Талғат Байдешовпен бір шаңырақ астында немерелерінің қызығын көріп келеді.

Жолдасы энергетика саласының маманы. Үлкен ұлы Айбар спорт саласында, ал келіні Аяулым заңгерлік қызметте. Ортаншы ұлы Алмаз құқық қорғау саласының қызметкері. Шахкерім мен Арафат есімді немерелері бар. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, Сырбаздай батырдың дүниеге келуі туралы ол былайша баяндады:

«Сырбазға жүкті кезімде қан қысымым жиі көтерілетін. Дәрігерлер баланы дүниеге әкелуге қарсы болды. Себебі, денсаулығыңа кесірін тигізеді, екі балаңды бағып отыра бер дейді. Содан мен оларға көнгім келмейді. Баланы қадірлеген, мәпелеген халықпыз ғой. (Бұл әңгімені көп ешкімге айтпаған едім). Бір күні анам келіп: – Түсімде сені көрдім. Жауырыны жерге тимейтін бала жатыр екен, бұл баланы дүниеге әкелмесең өзіңе кесірі тиіп мүгедек болып қаласың. Сен болмасаң да бұл баланы өзіміз-ақ ер жеткіземіз. Сен оған уайымдама! Баланы аман-есен қолыңа алуыңды тілеймін,- деді. Анамның сөзі маған да күш беріп, ұлым Сырбаз дүниеге келді. Бала кезден епті, ширақ болып өсіп, 9 айлық кезінде жүріп кетті».

Анасының айтуынша, бала кезінен әдебиетке де, спортқа да бейім болып өседі. Мектепте оқып жүргенде аудандық білім бөлімі ұйымдастыратын Абай оқуларының «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» бағамы бойынша қатысып, Абай поэмаларын, өлеңдерін, қара сөздерін жатқа айтудан жүлделі орындарға ие болып жүрген. Барлық сайыстарға анасы Анархан Орынбайқызының өзі апарып қатыстырып жүріпті. Тіпті, сол жердегі қатысушылар мен ұстаздар да Аққаладан келген кіп-кішкентай баланың осыншама өлеңді жатқа айтып, әрі образға салып орындайтынына таңғалатын көрінеді.

Ал, спортқа 12 жасында ағасы Айбардың себепкер болуымен келген. Алғаш күннен-ақ құлшынысы жоғары болып, жаттығуларды жіберіп алмауға тырысып, қолы босай қалса сөмкесін арқалап спортзалға кететін көрінеді. Кейіннен спорттық жарыстар Абай оқуларымен тұспа-тұс келіп, түбегейлі спортқа бет бұрған екен. Бастаған ісін соңына дейін жеткізіп, нәтижені көруге ұмтылған мінезі мен батылдығы Сырбазды өмірде өз орнын тауып жеңімпаз атануына көп септігін тигізіпті.

«Сырбаз бала кезден үйдің кенжесі болғандықтан болар маған жақын болып өсті. Ешкімге айтпайтын сырын әсіресе менімен бөлісіп тұрады»,- дейді анасы.

Қазіргі таңда ұлдарының НұрСұлтан қаласында «Ұлттық Ұлан» сапында әскери қызметін өтеп жүргеніне қуанышты екендіктерін жеткізді. Өйткені, Отан алдындағы борышын өтеу әр ер азаматтың борышы емес пе?!

Әңгімеміздің соңында «Менің де балам спортшы болсын» деу үшін баланы қалай тәрбиелеу керек деп ойлайсыз деген сұрақ қойған едім.

– Ол үшін баланың барлық жағдайын жасау керек. Бұл жолда әкесі екеуміз білім мен тәрбиесін назардан шығарған емеспіз. Атақты спортшы болу үшін тынымсыз еңбек ету, көп нәрседен тыйылу, артық ішіп-жемеуге үйрену қажет. Өйткені, қалыпты салмағын ұстап тұру маңызды. Жанұяда бірлік, ынтымақ болса мұның барлығы – өсіп келе жатқан баланың адам болып қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Баласы атқа шапса, үйдегі анасы тақымын қысады емес пе?! Ана болған соң әр ойынға шыққан сайын жанымды қоярға жер таппай алаңдап, әкесі екеуміз іштей дұға тілеп отырамыз. Қазақстанымыздың көк байрағын бір сатыға, жоғары қойып, Әнұранын шырқатып «Чемпион» атанған сәттегі қуанышымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сондықтан барша ұл мен қыз тәрбиелеп отырған ата-аналарға осы бақытты сезінуге, балаларының жеңісін көруді нәсіп етсін дегім келеді. Ұлымның арқасында мені де көпшілік жерде танып, Сырбаздың анасы келе жатыр, батырды туған ана емессіз бе деп жатады. Бұның барлығы да қуаныш, жүрекке бақыт сыйлайды, - деп жауап қатты сонда.

– Анархан екеуміз бала кезден ажырамас құрбы болып бірге өскен едік. Үнемі бір-бірімізбен сырымызды бөлісіп, әрқашан қолдау көрсетіп келеміз. Ол – текті жердің қызы, өте балажан. Балалары үшін отқа да суға да түсуге дайын. Балаларын оқытты, білім берді. Үш ұлы да мектепті жақсы оқыды, атаанасының атына кір келтірмеді. Анархан қазір сол берген тәрбиесі мен білімінің жемісін көріп отыр. Досым, құрбым, әріптесім ретінде оған бек ризамын. Осы берген бағынан айырмасын деп үнемі өзіне де тілегімді айтып жүремін,- дейді құрбысы Гүлнар Құлжанова.

Өзі қалаған мамандық иесі болып, шәкірттерінің зор алғысына бөленіп, батыр ұлды дүниеге әкелген Анархан Орынбайқызын мерекемен құттықтап, Сырбаздың әскерден абыройлы оралып, олимпиада ойындарына жолдама алып, көк байрағымызды желбіретіп, еліміздің абыройын асқақтатуына тілекші бола отыра білімді де талапты шәкірттеріңіз көп болсын деген тілегімізді жолдағым келеді.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT