Алты пайыздық несиені ауданнан ала бересіз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы халыққа Жолдауында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мерзімін 2022 жылға ұзартты.

Аталмыш бағдарлама аясында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы оң қадамдар жасауда. Соның бірі қанатқақты жоба ретінде облыста жаңадан ашылған «Атамекен- Атырау» микро қаржы ұйымы. Осы ұйым арқылы кәсібін енді бастап жатқан азаматтар түрлі салада несие ала алады. Кәсіпкерлік палатаның аудандық филиалының директоры Дәурен Сағынғалиевтан білгеніміздей, аталмыш микро қаржы ұйымынан несие алуға өтінім қабылдау ауданнан да басталды.

Биылға ауылдық елді мекендер мен шағын қалалар үшін 6 пайызбен несиенің ең жоғары сомасы 7,2 млн теңгеге дейін ала алады. Шағын несиені 5 жылға, ал мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейінгі дейін рәсімдеуге болады. Несие кепілдік арқылы жүзеге асады. Жеңілдікпен несие алуға тілек білдірген тұрғындардың «Бастау Бизнес» курсынан өткен сертификаты міндетті түрде болуы керек.

Ауданда бұдан бұрын да кәсіпкерлікті қолдауға екінші деңгейлі банктер арқылы қаржы ұйымдары жұмыс жүргізіп келгені белгілі. Ал бұл микро қаржы ұйымының басқаларынан ерекшелігі, ниет білдірген тұрғындар облыс орталығына барып, екі ортада құжаттарының шаруасы шешілмей әбігерге қалып жүрмейді. Бәрі де Индердегі аудандық филиал арқылы жүзеге асады. Несие алуға тілек білдірген тұрғындардың барлық қажетті құжаттарын аудандық филиал мамандары реттеп беруге көмектеседі.

-Биылғы тамыз айынан басталған бұл жоба бойынша аудан тұрғындарынан кәсіпкерліктің түрлі саласын дамытуға 11 тұрғынның құжаты қабылданып, базаға салынып отыр. Енді қаржы ұйымының мақұлдауын күтуде. Бәрі сәтті жүзеге асса ниет білдірген тұрғындар тиісті несие қаражатын алып, қалаған шаруасын жүргізуге мүмкіндік алады. Кәсіпкерлігін бастаймын және одан әрі дамытамын деген тұрғындарды несие алуға шақырамыз, - дейді аудандық филиал директоры Д.Сағынғалиев.

Ал бұл микро қаржы ұйымы арқылы басқадай тұтынушылық мақсатқа, бұрын алған несиені өтеуге, несие берешегін қайта қаржыландыруға, жылжымайтын тұрғын үй алуға, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сатып алуға берілмейді.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521