Осындай атаумен аудандық орталықтандырылған кітапханада облысқа белгілі ақын, қаламгер, Әлем жазушылар Одағы мен ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, қоғам белсендісі Арман Жайық және ақын, «Қарашадағы өлең» поэзиялық жинағының және бірнеше антология авторларының бірі, облыстық, аудандық мүшәйралардың жүлдегері Нұрислам Құспанғалимен кездесу кеші өтті.
Кездесуде ақындардың өмір жолы мен шығармашылығы жайлы оқырмандарға мазмұнды мағлұмат берілді. Өз кезегінде кеш қонақтары ақындыққа қадам басқан сәтінен бастап, өнердегі өз естеліктерімен бөлісіп, жастардың қойған сауалдарына жауап берді. Біздің келгендегі мақсатымыз ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүр жолымен ауылдарды аралап, рухани қуат алу, Ақан сері мен Біржан салдардың ізін жалғастыру, – деді олар.
Шарада «Индер-Мәдениет» кәсіпорнының маманы Бақберген Болатұлы кеш тізгінін ұстаса, жас әнші Айсана Болат «Ауылым», Тимур Нұрмағамбетов «Жақсылықтарда жолығайық» әнін шырқады. Сонымен қатар мекеме мамандары Ахмадияр Мейрамғалиұлы мен Бақберген Талғатұлы қос ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқыса, жергілікті ақын К.Ізімов оларға арнауын жеткізді.
Арнайы ат терлетіп келген қос ақынға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева аудан әкімінің Алғыс хатын табыстап, естелік сыйлықтар ұсынды.
Осылайша тағылымды кеште әсерлі әңгіме, сырлы сұхбат, орамды ойлар айтылып, рухани азық сыйлады.
Тілектес ҚИБАТОЛЛА