Аудан әкімі аппаратының басшысы Артур Мурзиннің төрағалығымен «Әділдікті талап ет!» республикалық акциясы бойынша кездесу өткізілді. Жиынға «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының басшысы
Мақсот Кусанов пен филиал қызметкері Арман Абсиметов және аудандағы үкіметтік емес ұйым қызметкерлері, дербес бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Алдымен аудан әкімі аппаратының басшысы Артур Мурзин шараның маңыздылығын түсіндіріп өткен соң, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері акцияның талаптарыменатқарылар жұмыстарды таныстырып өтті. Сонымен қатар, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бағытында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Кездесу аясында аудандық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағы қоғамдық
ұйымының төрағасы Жамбыл Дәуіталиев автомобиль жолдарының нашарлауы туралы сөз қозғаса, аудандық мәслихат депутаты Жанай Амантурлин шешімі
табылмай келе жатқан күрмеулі мәселелерді айтты. Ал, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Тоғайбай Салахадинов қазіргі таңдағы басты мәселе азық-түлік бағаларының күн санап қымбаттауын және бұл жерде жергілікті кәсіпкерлерді емес, олардың тауарды көтерме бағамен әкелетін қаладағы сауда орындарын тексеру қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында филиал қызметкерлері барлық мәселелер назарға алынып, алдағы уақытта арнайы түсіндірме қағаздары таратылып, әлеуметтік желі арқылы бейнероликтер жарияланатындығын айтты.
Жадыра НАРИМАНОВ