Аймақ басшысы спорттық инфрақұрылымдарды дамытуды тапсырды

«Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов қатысқан, облыстағы спорттың жай-күйі талқыланған жиында айтылды»,- деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов өңірдегі спорттық кешендердің жай-күйін баяндады.

«Биыл Индер ауданының Жарсуат ауылында, Исатай, Жанбай, сондай-ақ Махамбет ауылында және Мақат кентінде спорт кешендерінің құрылыстары жүргізілуде. Жылыой ауданының Қосшағыл және Жем ауылдарында спорттық кешендердің құрылысы жуырда аяқталды. Аталған спорт кешендерді облыстық коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстары жүргізілуде»,- деді ол. Сондай-ақ жиын барысында Р.Ибрагимов дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың, спорттық арена мен жеңіл атлетикалық манеж ғимаратының қажеттігін алға тартты. Басқарма басшысының сөзінше, аймақта барлығы 75 спорт түрі бойынша 9015 секция жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны жалпы облыс халқының 33,8 пайызын құрап, 221215 адамға жетіп отыр. Бұл көрсеткішпен республика бойынша облысымыз екінші орынды иеленуде. Жиын соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстық құрама командалар спортшыларын жыл бойы дәрігерлік бақылаудан өткізу үшін дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін ашуды, күрделі жөндеу қажет етілетін нысандардың мәселесін шешуді, спорттық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі 5 жылдық жоспарды әзірлеп, бекітуге ұсынуды тапсырды.

«Мемлекет басшысының Жолдауларында спорттық инфрақұрылымдарға қолжетімділік, өңірлерде спорт кешендерін салу, азаматтарды, балаларды дене шынықтырумен, бұқаралық спортпен айналысуға бағдарлау бойынша міндеттер қойылған. Ауылдық жерлерді спорттық нысандармен қамту, спорттық клубтар мен үйірмелердің жұмыстарын кеңейту, бөлініп жатқан қаражаттың нәтижелі болуы – басты міндеттер. Сондықтан, жоғарыда аталған мәселелерді ерекше бақылауды ұстауды тапсырамын»,-деді М.Досмұхамбетов.

Айта кету керек, қазіргі таңда өңірде 1128 спорттық объекті жұмыс жасаса, оның ішінде 17 спорт мектебі, 7 дене шынықтыру даярлығы клубы, 9 кәсіби клубтар жанындағы 3 академия және 2 балалар орталықтары бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT