“АЭС салмайынша ел гүлденбейді”

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы халық арасында кеңінен қолдау табуда. Онда айтылған міндеттерді кеңінен насихаттау мақсатында облыстық Қазақстан халық ассамблеясының ақсақалдар кеңесі мен аудан әкімдігі жанындағы ақсақалдар кеңесінің ұйымдастыруымен біріккен отырыс болып өтті.

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында болған басқосуға аудан ақсақалдарымен кездесу үшін облыстық Қазақстан халық ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қалалық қоғамдық кеңесі мен облыстық соттың билер кеңесінің мүшесі Кеңес Қосыбаев Құлсарыға арнайы келді. Кездесуді жүргізген аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрдәулет Ақназаров Президент Жолдауында айтылған негізгі бағыттарға жеке-жеке тоқталып, мемлекетті нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, ел экономикасын дамыту, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау мәселелерінің маңыздылығын атап көрсетті.

Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова аудандағы білім, денсаулық және мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Бұдан бөлек, аудандық орталық аурухананың директоры Асулан Абдрахманов пен ақсақалдар кеңесінің мүшелері де сөз сөйлеп, Жолдаудың өзектілігі туралы әңгіме өрбітті. Кездесу соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Қосыбаев өз сөзін еліміз үшін аса маңызды саяси оқиға – Референдум жайына қарай ойыстырды.

–Атом электр станциясын салу – болашаққа қажет дүние. АЭС салмайынша ел гүлденбейді. Қазір халықтың саны өсіп келе жатыр. Сәйкесінше ел экономикасы да өркендеуі керек. Елімізде үлкен-үлкен зауыттар, фабрикалар салынуы қажет. Ал оған біздің электр қуатымыз жетпейді. Біз электр энергиясын Ресей секілді көрші елден сатып алып отырмыз. Егер ол тоқтаса, біздің ірі өндірістер те жұмысын тоқтатады деген сөз. Ал дамыған елдердің өзінде бірнеше АЭС бар. Сондықтан бұған бей-жай қарамай, оны келешектің жемісі ретінде қарауымыз керек. Оны біздің елімізде салуға бірнеше ел ниет білдіріп отыр. Бірақ нақты қай инвестор іске асыратыны әзір белгісіз. Бәріміз де үп етсе үйімізде жарықтың өшіп қалатынын жақсы білеміз.

Мен Жамбыл, Қызылорда секілді облыстарда болдым. Ол жерлерде де жарық мәселесі бар. Сіздердің де трансформатор, стабилизатор арқылы жарық алып отырғаныңыз белгілі. Егер АЭС-іміз болса, міне, осындай мәселеден бастап, ауқымды проблемалар да өздігінен шешімін табар еді. Облыс әкімінің бастамасымен осы АЭС-ке байланысты арнайы штаб құрылды. Онда 16 топ үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол штабқа Астанадан Ядролық физика мамандарын арнайы шақыртып, кәсіби тұрғыдағы пікірлерін тыңдадық. Жалпы бұл салаға байланысты кадрлар да дайындалып жатыр екен. Қазірдің өзінде 1642 маман бар. АЭС-ты салуға 10 жылдай уақыт кетеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұл шешімді халықтың еншісіне беріп отыр ғой. Сондықтан 6 қазанда өтетін референдумға халық түгел қатысып, өз таңдауын жасауы керек,-деді ол.

Кездесуді қорытындылаған Н.Ақназаров жиналғандарды Жолдаудың қазіргі таңдағы көптеген маңызды мәселелерді шешуде бағыт-бағдар беретін басты бағдарлама екенін айтып, оны іске асыру жолында белсенділік танытуға шақырды.

П.Қизатова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521